Домбыра сыныбына баратын 40-қа жуық баланың ішінде ортекені тек екеуі ғана билете алады
Осы айдың басында қазақтың «Ортеке» күйі ЮНЕСКО тізіміне енгізілген болатын. БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйым өкілдері оны ерекше мәні бар, бірегей өнер деп есептейді. Бұл туралы бүгін «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.
Алайда қазір бұл өнер ұмыт болып бара жатыр. «Ортекені» қайта жаңғыртып, насихаттап жүргендер саусақпен санарлық қана.
Мысалы, 10 жастағы Нұржас Мұхамеджанов Қарағандыдағы екінші оқушылар сарайына келіп, өз қолымен қолөнер жасағанды ұнатады екен. Қазір ол еңбек пәнінің мұғалімі Жастүлек Сауғабековпен бірге ортеке жасап жүр. Жалпы, ондағы еңбек үйірмесіне 37 бала жазылған. Соның ішінде тек Нұржас қана ортекені өз қолымен жасап шыққан.
Күмбірлеген күй ырғағымен ойнақтай жөнелетін ортекенің қазір нағыз архаизмге айналғаны хақ. Қарағандыдағы өнер мектебінің оқушылары Әлібек пен Ислам – сол ескі өнерге қызығушылық танытқандардың бірі. Домбыра сыныбына баратын 40-қа жуық баланың ішінде ортекені тек осы екеуі ғана билете алады екен.
«Ортеке» күйі ЮНЕСКО тізіміне енгізілгеннен кейін енді оны танымал етіп, насихаттау жұмыстары да артуы керек-ақ. Сондықтан облыстық тарихи-өлкетану музейі келесі жылы осы өнерді игерген барша өнерпаздың басын қосып, арнайы байқау өткізбек.
Еске сала кетсек, бұл жолы «Ортекемен» қатар, «Қожанасырдың әзіл әңгімелері» де ЮНЕСКО тізіміне енген болатын.