Әр баланың білім алу құқығын қалпына келтіріледі
6 жасқа толған жеткіншектер оқу процесі толық аяқталғанға дейін мектепке дейінгі ұйымда тәрбие алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мектепке дейінгі ұйымда бала 6 жасқа толған күннен бастап қаржыландырудың тоқтатылуы, жеткіншектерді мектепке дейінгі ұйымнан және мемлекеттік білім беру тапсырысынан шығаруға ведомствоның нормативтік-құқықтық актілерінде ондай заңнамалық негіз жоқ екенін хабарлаймыз, – делінген Асхат Аймағамбетовтің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында.
Министрдің мәлімдеуінше, балабақшадағы тәрбие мен оқыту саласындағы қызмет нақты реттелген. Балалар контингентін мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз ету және заңнама талаптарын сақтау мәселесі биыл ақпан, тамыз айларында өткізген кеңестерде қаралды.
Білім беру қызметін көрсету және мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиемен және оқытумен қамту бөлігінде нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.
Жергілікті атқарушы органдар немесе балабақшалар жағынан мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту немесе қаржыландыру бөлігінде заңнама нормаларының бұзылғанын растайтын фактілер болған жағдайда, Министрлікке хабарлауды сұраймыз. Балалар құқықтарын бұзу және оларды мектепке дейінгі ұйымдардан шығару жөніндегі депутаттық сауал үшін негіз болған фактілер анықталғанда, Министрлік қатаң шаралар қабылдауға әрі баланың білім алу құқығын қалпына келтіруге дайын, - деп жазды министр.