Halyq Uni логотип
×

Қазақстандық кәсіпкерлер «Ана үйі» жобасы арқылы әлеуметтік мәселеге үлес қосып келеді

Биыл 671 ана мен 735 сәбиге көмек көрсетілді

 Халық үні 23.12.2022 | 17:43
Қазақстандық кәсіпкерлер «Ана үйі» жобасы арқылы әлеуметтік мәселеге үлес қосып келеді
Фото: «Ана үйі» қоғамдық қоры

«Ана үйі» жобасына алғыс айтамын. Қиын жағдайда қалған аналарға көмек көрсетіп жатқандарыңызға ризамыз. Жылы үй мен қамқорлық, қолдау үшін, ең жақсы естеліктер үшін рақмет! Аналарға балаға жақсы болашақ сыйлауға және баланың қазіргі жағдайын жақсартуға мүмкіндік бересіздер».

Бұл – «Ана үйінде» тұрып, дер кезінде көмек алған, болашаққа деген үміт пен сенімге ие болған, кішкентай отбасын сақтап қалғандардың алғыс сөзі.

Ал жас аналарға жанашыр жандар мен жауапты азаматтар қуаныш пен үміт сыйлап келеді. Сондай-ақ мұндай азаматтардың саны жыл сайын артып жатыр.

«Ана үйі» қоғамдық қорының негізгі міндеті – көмек көрсетуге дайын азаматтар мен қамқорлық пен көмекке мұқтаж адамдардың арасында көпір болу.

2013 жылдан бастап «Ана үйі» жобасын қазақстандық кәсіпкерлер құрды және қолдау көрсетіп келеді. Олар ел бойынша әлеуметтік мәселе, оның ішінде балалардың жетімдер үйіне түспеуі үшін күш салып келеді. Мысалы, 9 жыл ішінде 6 мыңнан астам бала балалар үйіне берілмей, өз отбасының жанында қалды.

Сонымен қатар қорға қамқор азаматтар жүгіне бастады. Олар жас аналар мен бала асырап алған отбасыларға көмектескісі келетінін айтып, ниет білдіреді. Екі жылдың ішінде 54 мыңға жуық қазақстандық 61 миллион теңгеден астам қаражат аударды, оның 34 миллионнан астамы 2022 жылы қордың шотына түсті. Бұл жай қаражат қана емес, бұл – елдің кішкентай азаматтарының тағдырын құтқару мүмкіндігі.

Қорға түскен барлық қаражат тамақтану, баспана, аналарды оқыту және баланы қажетті затпен толық қамтамасыз етуге жұмсалады. Қазақстандықтардың қолдауының арқасында Қор 2022 жылы 671 жас анаға қиын жағдайды жеңуге көмектесті және 735 сәбиге жетім қалуға мүмкіндік бермеді, ал балалар үйінен 187 бала отбасын тапты.

«Бұл жай ғана сан емес, бұл – біздің жетім қалу мәселесін шешуге атсалысқанымыздың нәтижесі. Өйткені ата-анасыз өсіп келе жатқан баланың мәселесі баршамызға ортақ. Мейірімділік пен жанашырлық қазақстандықтардың айрықша қасиетінің бірі екені қуантады. Бұл ортақ іске өз үлесін қосып келе жатқан азаматтарға ризашылық білдіреміз», - деді қордың атқарушы директоры Ажарқұл Қылышбаева.

«Ана үйі» қорын, сондай-ақ бала асырап алу мәдениетін дамытуға бағытталған жобаларды қолдағысы келетіндер 1422 нөмірі бойынша call-орталыққа хабарласа алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама