Атбасарлық әйел күйеуінің сарайда есірткі сақтап жүргенін әшкереледі
Үй иесі тыйым салынған заттың өзінікі емес екенін айтып бақты
Ақмола облысының Атбасар ауданында өзара жанжалдан соң, әйелі күйеуінің қылмысын әшкереледі. Ол полицияға отағасының сарайда есірткі сақтайтынын айтып берген.
Күйеуінің жанжал шығарып, қоқан-лоққы көрсеткені зайыбының әбден зығырданын қайнатса керек. Ол 34 жастағы азаматтың «құпия кәсібін» жария ету үшін учаскелік инспекторға шағым түсірген.
Үйге аяқ астынан сау ете түскен полицейлер бірден қора-қопсыны тінтіп, пакетке салынған қоңыр, жасыл түсті ұнтақты тапқан. Үй иесі тыйым салынған заттың өзінікі емес екенін айтып жалтарған. Бірақ көп ұзамай мойындапты.