Halyq Uni логотип
×

Алматы облысы сотының судьясы 5 жылға сотталды

Кәсіпкер Алматы облыстық сотының судьяларына делдал арқылы 3 миллион теңге беруге тырысқан

 Халық үні 23.12.2022 | 11:20
Алматы облысы сотының судьясы 5 жылға сотталды
Фото: Тұрар Қазанғапов

Талдықорған қалалық сотында Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Алмакүл Түменбаеваға, кәсіпкерге және делдал болған екі азаматқа қатысты істі қарау аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Судьяға алаяқтық жасады, алдау әрекеті арқылы бөтеннің мүлкін талан-таражға салды деген айып тағылды.

Бизнесмен П. делдал арқылы қомақты көлемде жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамға пара берді деген күдікке іленген.

Ал А. және Ж. парақорлық әрекетте делдал болды деп айыпталды.

Сот барысында Алмакүл Түменбаева Алматы облысында мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы бола тұра, кәсіпкердің қаражатын алдау және оның сенімін теріс пайдалану арқылы пара алмақ болғаны анықталды. Ол өзінің қызметтік лауазымын теріс пайдаланып, делдалдар арқылы көрінеу жалған ақпарат беріп, сол арқылы Алматы облыстық сотының апелляциялық сатысында өзі шығарған шешімнің күшінде қалуына әсер ете алатынын айтқан.

Кәсіпкер П. ЖШС директоры бола тұра соттың бірінші инстанциясында судья Түменбаева шығарған шешімнің апелляциялық сатыда өзгеруі кәсібіне зиян келтіретінін ойлап, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, атап айтқанда Алматы облыстық сотының судьяларына делдал арқылы 3 миллион теңге сомасында пара беруге тырысқан.

Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік айыптаушы сотталушы Алмакүл Түменбаеваны кінәлі деп тануды және мүлкін тәркілемей, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы кәсіпкер П.-ға мүлкін тәркілемей, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза беруді сұрады.

Ал делдал болған А.-ны 3 жылға, Ж.-ны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыруды сұрады.

Сотталушы судья тағылған айыпты толық мойындады. Ал кәсіпкер П. тағылған айыпты мойындамады. Сотталушы А. айыпты ішінара мойындады. Сотталушы Ж. кінәсін мойындамады және өзін ақтауды өтінді.

Сот үкімімен судья Алмакүл Түменбаева алаяқтық жасағаны, алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп танылды және оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

П.делдал арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамға пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды және оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.

А. және Ж. екі адамның арасындағы келісімге ықпал еткендіктен, сот оларға мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңның 2-бабының 1-бөлігіне сай А. және Ж. ҚК 368-бабының 1-бөлігінде көзделген тағайындалған жазадан босатылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама