Биыл өрт қауіпті кезеңінің басынан бастап 800 орман және 111 дала өрті тіркелген
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Отырыста қаралған мәселелердің бірі 2022 жылғы өрт қауіпті кезеңінің қорытындысы болды.
Табиғи өрттер аса таралған проблема болды және солай қалып отыр. Биыл өрт қауіпті кезеңінің басынан бастап 800 орман және 111 дала өрті тіркелді, – деді Юрий Ильин.
Сонымен бірге, ол Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне орман өрттерін ертерек табу жүйесін қолдану тәжірибесін күшейту қажет екенін атап өтті. Қазір осындай жүйе тек «Бурабай» табиғи паркі аумағында орнатылған. Онда мұнараға орнатылған бейнекамерелардың көмегімен орманның түкпір-түкпіріне дерлік бақылау жүргізіледі.
Премьер-министр Әлихан Смаиловтың өрт және авиациялық техниканың су алуы үшін табиғи және жасанды су айдындарын жасау туралы тапсырмасы басты назарда екенін де еске салды. ЭГТРМ өңірлік әкімдіктерге премьер-министрдің тапсырмасын уақтылы және сапалы орындау үшін өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды. Бұдан өзге, облыстардың әкімдіктеріне қамыс өртенген жағдайда өрттің орман алқаптарына және азаматтардың тұрғын үйіне өтуіне жол бермеу үшін қамыс-қоғаны уақтылы ору жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау мақсатында 2022 жылы 15 мыңнан аса рейд жүргізілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде 1,5 мыңнан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жергілікті атқарушы органдарға елді мекендердің өрт қаупі кезеңіне дайын еместігі туралы 1,7 мыңнан аса ескерту берілген.
Орман қорын күнделікті патрульдеу және табиғи өрттерді сөндіруге жедел ден қою үшін ТЖМ мен Қазавиаорманкүзетінің авиациялық техникасы төтенше жағдай орнына жіберілді. Авиациялық техника өрттерді сөндіруге 712 рет жұмылдырылған.