×

Саясаттан кеткен Өмірзақ Шөкеевтің қазір немен айналысып жүргені белгілі болды

Ташкентте кәсіпкерлерінің қатысуымен қазақ-өзбек бизнес форумы өтті

 Халық үні 22.12.2022 | 16:00
Фото: Informburo.kz

Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев Өзбекстанда өтіп жатқан форумда көзге түсті. Ол қазір бизнеспен және білім саласындағы жобалармен айналысып жүргенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Шөкеевтің қазір немен айналысып жүргені айтылған видео әлеуметтік желіде жарияланды.

Өзімнің шаруаларыммен айналысып жатырмын. Бизнес, білім саласына қатысты әртүрлі жобалар бар. Инвестициялық форумға арнайы келдім. Өзбекстанның экономикасы қатты дамып жатыр. Климаты да жақсы. Осында келіп, тыңдап, келешекте болатын жобаларды талқылау маған қызық. (...) Мен инвестор емеспін. Инвесторларға, кәсіпкерлерге көмектесемін. Ұйымдастырып, жолын ашып беру керек, - деді Өмірзақ Шөкеев.

Алайда мемлекеттік қызметтен толық кеткен-кетпегеніне қатысты сұраққа жауап бермеді.

Айта кетейік, 22 желтоқсанда Өзбекстанның Ташкент қаласында екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен өңіраралық қазақ-өзбек бизнес форумы өтті.

Өмірзақ Шөкеев қол астындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін отставкаға кеткен. Кентау қаласының экс-әкімі Дәурен Махажановтың қылмысы сотта дәлелденген соң мемлекет басшысы Шөкеевтің отставкаға кету туралы өтінішін мақұлдады. 

2022 жылдың тамызында Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама