Елімізде 300-ге жуық жетім бала тиісті жәрдемақыларын алмаған
Оларға 2,5 млн теңгеден аса қаржы қайтарылды
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тексерісі нәтижесінде 300-ге жуық жетім баланың құқығы қалпына келтірілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, олар жалпы сомасы 2,5 млн теңгеден аса жәрдемақы алмаған. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тексерісінен кейін кәмелетке толмағандарға төленбеген жәрдемақы қайтарылды.
Бұл мәселе әкімдіктердің құзырына жатады. Бірақ біздің комитет жағдайды бақылауда ұстап отыр. Тәртіп пен заңдылықты қалпына келтіру – біздің басты міндетіміз. 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін АЕК 3 063 теңгеден 3 180 теңгеге дейін өскенмен, жәрдемақы ескі АЕК бойынша төленіп келген. Жәрдемақы мөлшерінің айырмашылығы қамқоршылардың шоттарына жіберілді. Осылайша жетім балалардың құқығы қорғалды, – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Еске сала кетсек, бұған дейін асыраушысынан айырылғандардың 2023 жылдан бастап қанша жәрдемақы алатынын хабарлаған болатынбыз.