Қазақстанда жыл басынан бері 93 адам пойыз астына түскен
Оның ішінде 8 бала көз жұмған
Жыл басынан бері теміржол төсемін белгіленбеген жерлерден өткені үшін көлік полицейлері 25 403 азаматты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың мәліметінше, 16 желтоқсанда Түркістан облысы Манкент станциясында жүк пойызы теміржолда белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған қызды жанай қағып кеткен. Машинист шұғыл тежегішті қолданып, дыбыстық сигналдар бергенімен, басына капюшон мен құлаққап киіп алған қыз бала сигналдарды естімеген. Ол Сайрам ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 344-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жыл басынан бері теміржол төсемін белгіленбеген жерлерден өткені үшін көлік полицейлері 25 403 азаматты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ пойыздардың шұғыл тежелуінің 2 162 фактісі тіркелді, оның ішінде теміржолда адамдардың болуы себебінен – 365, үй жануарларының болуына байланысты 1 537 дерек анықталған.
Осы уақытта тәртіп сақшылары халықпен 1 219, жолаушылар пойыздарында 1 200-ге жуық кездесу, оқу орындарында «Темір жол – аса қауіпті аймақ!» тақырыбында 1 643 дәріс өткізіп, теміржол нысандарында болған кезде қауіпсіздікті сақтаудың негізгі шараларын жеткізді.
Департамент пен оның аумақтық бөліністері қызметкерлерінің жүргізген профилактикалық жұмыстарына қарамастан, азаматтар теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздік ережелерін бұзуды жалғастыруда. Соның салдарынан өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп жатыр, – деді Мадияр Айтуғанов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері жылжымалы құрамның астына 93 азамат түскен болса, оның 61-і өліммен аяқталған. 12 факті бойынша балалар зардап шеккен, өкінішке қарай оның 8-і көз жұмған.
Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – азаматтардың көлік инфрақұрылымы объектілеріндегі қауіпсіздік ережелерін бұзуы және өздерінің жеке қауіпсіздіктеріне немқұрайлы қарауы. Департамент бастығының бірінші орынбасары қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау және темір жолдан тек арнайы белгіленген жерлерде өту керектігін тағы да еске салды. Вагондар арасынан өтуге, темір жолдан өту кезінде шпалдардың шеттерімен, теміржол жолдарының арасымен жүруге, сондай-ақ қауіпті аймақтан өтерде құлаққаптар мен телефондарды пайдалануға болмайды.