Антикор «Қазгеология» басшылығына қатысты тергеуді бастады
Тергеу лауазымдық өкілетін асыра пайдалану фактісі бойынша жүргізіледі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Агенттіктің хабарлауынша, тергеу лауазымдық өкілетін асыра пайдалану фактісі бойынша жүргізіледі.
«Мекеме басшылығы Жарғыны бұзып, директорлар кеңесінің тиісті шешімінсіз Басқарма мүшелеріне (Басқарма төрағасы, төрағаның 3 орынбасары, бас геолог) 2017-2019 жылдар кезеңінде жалақыны, бонустарды және материалдық көмекті 169 миллион теңгеден астам сомаға артық төледі деген күдікке ілінді», - делінген ресми ақпаратта.
Осылайша лауазымдық жалақының мөлшерін 2 есе ұлғайтқан.
Іске қатысты тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды.