«Алтын тұғыр – 2022»: Ұлттық спорт үздіктері марапатталды
«Алтын тұғыр» салтанатты марапаттау іс-шарасы биыл тоғызыншы рет өткізілді
Астанада ұлттық спорт үздіктері марапатталды. 2022 жылы тоғызыншы рет өткен «Алтын тұғыр» салтанатты жиынында ел ішінде оза шауып, халықаралық жарыстарда бақ сынап, жеңіске жетіп жүрген спортшыларға арнайы мүсінше мен ақшалай сыйақы табысталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Салтанатты іс-шараны Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырды.
Жиында алғашқы болып Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов сөз сөйледі.
ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ НЕГІЗГІ ЖЕТІ МІНДЕТІ
Исламбек Салжанов ұлттық спортты дамытуға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше көңіл бөліп отырғанын айтып өтті. Сондай-ақ қауымдастықтың негізгі жеті міндетіне тоқталды.
«Жылды қорытындылап, озық спортшыларымызды марапаттау арқылы ұлттық спорттың бүгінгі жағдайы мен келешегін айқындаймыз. Қауымдастық құрылған 18 жылдың ішінде талай іс атқарылды. Мәселен, ауыл-аймақтарда мыңдаған спорт секциясы ашылып, сол жерде 300 мыңнан аса адам ұлттық спортпен айналысады. Биыл қыркүйекке дейін қауымдастық құрамында 5 федерация болды. Олар: көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату және аударыспақ. Жақында бізге тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату және құсбегілік федерациялары қосылды», - деді Исламбек Салжанов.
Айтуынша, қауымдастықтың мақсаты – ұлттық спортты бұқаралық сипаттан кәсіби деңгейге көтеру. Ол үшін ең алдымен заң аясында ұлттық спорт мәртебесін айқындау қажет.
«Бұл саланы дамыту үшін заңнамалық тұрғыдан ұлттық спорт мәртебесін бекітуді қолға алу керек. Екінші – қаржыландыру мәселесін бір жүйеге келтіру. Ұлттық спортты қаржыландыру мәселесін реттеу – өте өзекті. Бұл жерде мемлекеттің қолдауы да, меценаттық қаржыландыру да маңызды. Биыл ұлттық спортқа боксқа бөлінген қаржыдан 7 есе, дзюдоға бөлінген қаражаттан 16 есе аз қаражат бөлінген», - деді Исламбек Салжанов.
Үшінші – қауымдастықтың аймақтағы филиалдарының жұмысын жолға қою. Исламбек Салжанов ұлттық спортты әрбір өлкенің ерекшелігін ескеріп дамыту қажет екенін айтты.
«Әр облыста аймақтық Ұлттық спорттың түрлері қауымдастығы құрылады. Жақында Ақтөбе облысында қауымдастық құрылып, оның төрағасы болып Ералы Тоғжанов сайланды», - деді ол.
Төртінші – кәсіби ұлттық спорт стандарттарын қалыптастыру. Сыйақы беру жүйесін өзгерту үшін арнайы критерий бекітіледі.
«Шынайы бәсекені дамыту үшін тәуелсіз төрешілерді шақырып, тәртіптік кеңес құрамыз. Бесінші – ұлттық спорт инфрақұрылымын дамыту. Әрбір аудан, әр ауылда сапалы спорт нысандарын, ипподромдар, арнайы алаңқайлар салу – өте маңызды. Алтыншы – ұлттық спорт кадрларын дайындау. Тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, ат спортын мектеп бағдарламасына енгізетін болсақ, жас ұрпақтың денсаулығы мықты болады. Жетінші міндет – V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жоғары дәрежеде өткізу. Өткен ойында Қазақстан 9 медаль алды. Біз келесі жылы бұл көрсеткішті еселеп арттыруымыз керек», - деді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.
Исламбек Салжанов халықаралық шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін дайындық жұмысына шұғыл кірісу қажет екенін айтты.
ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК, МЫҢНАН ТҰЛПАР
Жиынға қатысқан Қазақстан парламенті мәжілісінің спикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық спорттағы жеткістіктерге тоқталып, спортшыларға «Алтын тұғыр» сыйлығын табыстады.
«Биыл ұлттық спорт үшін жемісті жыл болды. «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны өтті. Ол Сарыарқа мен Түркістанның ортасын ат тұяғымен дүбірлетіп өтті. Бұл ұлтымыздың рухын асқақтатқан іс-шара болды. Amanat партиясы бұл іс-шараға жыл сайын қолдау көрсетеді. Таяуда ғана Түркияда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Президенттің тапсырмасымен көшпенділер ойынына бір топ делегация болып бардық. Жарысқа 102 мемлекет қатысты, соның ішінде біздің спортшыларымыздың шоқтығы биік болды», - деді Ерлан Қошанов.
Қошанов «Үздік көкпар командасы» аталымы бойынша Ұлттық құрамаға «Алтын тұғыр» мүсіншесін, диплом және ақшалай сыйлықты табыстады. Көкпардан Ұлттық құрама биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысып, чемпион атанған.
Сондай-ақ «Үздік бәйге аты» аталымы бойынша ат иесі Ұлан Омаров марапатталды.
Аударыспақ спортына келсек, 70 келі салмақ бойынша Әлем чемпионы Шыңғыс Ержанов және 90 келіден жоғары салмақ бойынша Әлем чемпионы Данияр Смайлов үздік деп танылды.
Ал «жыл жаңалығы» аталымы бойынша «Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек иеленді.
Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин үш аталым бойынша үздіктерді марапаттады.
«Президент ұлттық өнер, ұлттық құндылық, ұлттық спортты дамытуға ерекше мән береді. Мемлекет басшысының тазы ұстап, садақ ататынын да білесіздер. Ұлттық спортқа серпін берсін деген ниетпен кезекші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын Қазақстанда өткізуді ұсынды. Ұлттық спорт – ең алдымен ұлттық рух. Себебі ұлттық спорт арқылы ұлттық болмыс пен сипатымыз күшейіп, қалыптасады», - деді Ерлан Қарин.
«Үздік дәстүрлі садақ ату мергені» аталымы бойынша Қанат Қасымхан үздік деп танылса, Айкөз Ерелхан «Үздік жамбы ату спортшысы» атанды.
Теңге ілу бойынша жыл марапаты Бәйдібек Сабыровқа берілді.
Тоғызқұмалақ, асық ату спорты бойынша үздіктерді премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов марапаттады.
Тоғызқұмалақ бойынша ерлер арасында Ғалымжан Темірбаев, әйелдер арасында Әсел Далиева үздік спортшы болды.
Асық атудан ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы үздік команда деп танылды.
Сондай-ақ «Алтын тұғыр – 2022» сыйлығының иегерлерінің арасында «Үздік құсбегі» аталымының «Бүркіт» түрі бойынша Бақдәулет Бабажан, «Ителгі» түрі бойынша Таңат Оспанқұлов, «Қаршыға» түрі бойынша Бексұлтан Сейітжан бар.
Іс-шара барысында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы президенті Исламбек Салжанов үздік спортшылардың жаттықтырушыларын марапаттады.
Олардың қатарында тоғызқұмалақ спорт түрінен бас жаттықтырушы Серік Ақтаев, құсбегілік бойынша аға жаттықтырушы Арман Күнтуған, аударыспақтан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Жанбатыр Бекмұсаев, теңге ілу спорты бойынша жауапты жаттықтырушы Нұржан Әбілқасымов және жамбы ату спорт түрі бойынша ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Елдос Бадашев бар.
Көкпар бойынша жауапты жаттықтырушы Нұрдаулет Момынов пен Сәбит Қасеновке, асық ату бойынша бас жаттықтырушы Жомарт Сабыржановқа да 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Айта кетейік, салтанатты іс-шараның демеушілері арасында «Самұрық Қазына» АҚ және Спортты қолдау қоры бар.