Ескертуден кейін қазір оның 10 мыңы ғана тапсырып отыр
Мемлекеттік қызметкерлер арасында 2021 жылғы табыс декларациясын тапсырудан жалтарудың 39 мың фактісі анықталды. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов мәлімдеді.
Еске сала кетсек, елімізде жалпыға бірдей табыс декларациясын кезең-кезеңімен енгізуге шешім қабылданған болатын. Сол бойынша мемлекеттік қызметкерлер алдымен 2021 жылғы есебін тапсыруға міндетті еді.
570 мыңнан аса декларация түсті. Алайда декларацияны тапсырмау фактілері де болды. Ондай адамдардың саны 39 мың болған. Барлығына тиісті ескертулер жіберілген. Соның нәтижесінде 10 мың адам табыс декларациясын тапсырды, - деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, қазір қалған 29 мың адамның декларацияны не себепті тапсырмағаны анықталып жатыр. Олар да түсініктеме беруге тиіс. Табыс декларациясын тапсырмаған мемлекеттік қызметкерлердің арасында жұмыстан шығып кеткен адамдар да болуы мүмкін. Бірақ олар туралы мәліметтер комитетте қала береді.
Данияр Жанәліновтің айтуынша, шенеуніктердің ешқайсысына айыппұл салынбаған. Барлығына ескерту ғана жасалыпты.
Жалпы, табыс пен мүлік туралы декларация тапсыру шаралары мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларынан басталған. Енді келесі жылы декларация тапсыруға мемлекеттік кәсіпорындарда (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт) істейтін қызметкерлер мен олардың жұбайлары міндеттелетін болады.