×

Келесі жылдан бастап балаларға 4,1 миллион теңгенің әдеби сыйлығы табысталады

Ол арнайы президент тапсырмасына сәйкес орындалып отыр

 Еркеғали Болатұлы 21.12.2022 | 15:50
фото: balalaralemi.kz

2023 жылдан бастап қазақстандық балалар үшін арнаулы Президенттік әдеби сыйлығы тағайындалмақ. Сыйлық көлемі 4,1 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Балалар жылын қорытындылаған Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтты.

Оның айтуынша, жыл бойы 1 миллионнан аса баланы қамтитын 69 іс-шара өткізілген.

Балалар әдебиетіне арналған «Дана бала» (www.danabala.kz) веб-сайты жұмыс істеп тұр. Қазір ол сайтқа 5 мыңнан аса кітап орналастырылды. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған «Таланттар арамызда» республикалық фестиваль-көрмесін өткіздік, оған 250-ден аса бала қатысты. Министрлік «Әжемнің ертегілері» онлайн жобасын қолға алды. Бүгінде бұл жоба 40 мың баланы қамтиды. Былтырдан бастап балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар тетігі бойынша, 4 жастан 17 жасқа дейінгі 458 мыңнан аса балалар мен жасөспірімдер 14 652 спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін барып жүр, - деді Нұрғиса Дәуешов.

Сондай-ақ министрлік келесі жылдан бастап балаларға әдеби сыйлықтар табысталатынын еске салып өтті.

«Министрлік 2023 жылдан бастап қазақстандық жас ақын-жазушылар үшін арнаулы Президенттік әдеби сыйлығын тағайындауды жоспарлап отыр. Бұл біздің 29 жасқа дейінгі ақын-жазушыларымызға арналатын болады. Ол арнайы президент тапсырмасына сәйкес орындалып отыр. Әдеби сыйлықтың бір номинациясы арнайы «Балалар әдебиеті» бағытындағы қаламгерге арналады. Сыйлық көлемі 4,1 миллион теңгені құрайды. Оның балалар әдебиетіне тың туындылардың қосылуына өз септігін тигізері сөзсіз», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама