×

Тастыөзек ауылында адам да, мал да бір бастаудан су ішіп отыр

Ауыл тұрғындарының ауыз судан тарығып жүргеніне ширек ғасырдай болған

 Думан Қырықбаев 11.03.2022 | 10:17
фото: Halyq Uni

Алматы облысында Қоғалы ауылдық округіне қарасты Тастыөзек елді мекенінде бар-жоғы 100 шақты түтін бар. Бүтіндей ауылдың бас ауыртар проблемасы – ауыз су. Тұрғындар жыл он екі ай елді мекен маңындағы бастаудан су тасиды. Себебі, үй маңынан қазған құдығында су жоқ. Қыста бәрі тартылып қалады.

Ауыл тұрғындары мал ішетін бастаудан су тасуға мәжбүр. Әсіресе, монша жағып, балаларды сабаққа қамдайтын кездері қиындыққа тап болады екен. Өйткені, бар ыдысына толтырып әкелген суы бір-екі күнге ғана жетеді. Балалар да қолына шелек ұстап, алыстан су тасиды.

Бұл туралы тұрғындар әкімдікке талай рет шағымданып, көмек сұраған. Бірақ Тастыөзек жұртының жанайқайына әлі ешкім құлақ түрмей отыр.

«Басты мәселеміз – ауыз су. Жыл сайын әкім есебінде осы проблеманы көтереміз. Уәде береді. Бірақ нәтиже жоқ. Осылай үміттеніп жүргенімізге 15 жылдай болған шығар. Бұрын ауылда кемі 16-18 үйде қолдан қазып алған құдық болатын. Соның барлығы былтырдан бері тартылып кетті. Ішерге су жоқ. Алды 25 метр тереңдікке дейін қазып көрді. Суға жете алмады. Шықпай тұр. Бүтін ауыл болып көрген күніміз осы», - дейді Тастыөзек тұрғыны Мәлік Ибраимов.

«Ағын судың арамы жоқ» дегендей, Тастыөзек тұрғындары бастаудың айналасындағы тазалыққа да мән беруді қойған. Себебі, бұл жерден мал да, адам да су ішіп отыр.

«Мына жерден су тасып жүргенімізге бір емес, бірнеше жыл болды ғой. Мына судан кім, не келіп ішпей жатыр дейсіз? Мал да осында келіп ішеді, адам да күнделікті тіршілік нәрін тасып ішеді. Одан қалса, моншаға жуынуға пайдаланамыз. Судың қадірін бір кісідей жақсы білеміз. Артығын төгіп-шашқызбаймыз. Барынша үнемдеуге тырысамыз», - дейді Нұрсипа Смағұлова есімді ауыл тұрғыны.

Серікхан Айдосова есімді тұрғын бастаудан алған судың ішінде қоқымды былай қойғанда, жыбырлаған құрттар жүретінін айтады. Суаттың айналасы қоршалмаған, ол жерде санитарлық тазалық сақталмайды екен.

«Ыдыстың ішін көріп тұрсыздар. Сәл тұнған соң судың ішінде жыбырлап жүрген құртты көресіз. Осыны ішіп жүрген біз бен балаларымыздың ішінде болып жатқанын кім білсін?! Ауру-сырқау осындайдан шықпай ма? Одан бөлек, жол азабын да тартып отырмыз. Көше асфальтталмаған. Күн жауса балшыққа батамыз. Балалардың үсті-басы бүлінеді. Оны жуу үшін де су керек. Бәрі суға келіп тіреледі. Әбден қажыдық», - дейді тұрғын.

Қазір ХХІ ғасырдың бірінші ширегіне жағындаса да, ауылдағы келіншектер кір және ыдыс жуатын заманауи техникаларды, одан қалса, су жылытатын құрылғыларды пайдалана алмай отыр. Ауыл жұрты суы жетіп тұрған, көшесі асфальтталған көрші елді мекендерге қызыға қарайтынын жасырмады.

Жалпы, Тастыөзек ауылында бұрын орталықтандырылған жүйе болған екен. Қазір сол кеңестік кезеңде тартылған құбырлар түгелдей істен шыққан. Ал, жаңасын салуға әлі күнге қаржы бөлінбеген. Қоғалы ауылдық округінің әкімі Асқар Баяділовтің айтуынша, әзірге тек жобалау-сметалық құжатын жасауға ақша бөлінген.  

«Бүгінгі күнге Тастыөзек ауылына жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға барлығы 6 млн 769 мың теңге көлемінде ақша бөлінді. Қазір сол сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Құжат дайын болған соң, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне өтеді. Сол арқылы облыстық бюджеттен қаржы бөлу үшін сұраныс жасайды. Ауылға ауыз су тарту жұмыстары қашан басталатыны қаржының бөлінуіне байланысты», - деді ол.

Кербұлақ ауданындағы 64 елді мекен 15 ауылдық округтерге біріктірілген. 2019 жылғы санақ бойынша, аудан халқының саны 48 860 адам. Соның бірі – Қоғалы ауылдық округі. Оның құрамына Қоғалы, Коноваловка, Күреңбел, Тастыөзек, Шаған ауылдары кіреді. Орталығы – Қоғалы ауылы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама