×

Алматы облысында көше жекеменшікке сатылып кеткен

Ауыл тұрғындары жар жағалап жүр

 Дастан Жұмабекұлы 21.12.2022 | 12:06
Фото: видеодан скриншот

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Абай ауылындағы бір көше т.шелімен жекеменшікке сатылып кеткен. Осыған байланысты ауыл тұрғындары  облыс әкімімен кездесіп, мәселені шешуді талап етті.

Almaty телеарнасының хабарлауынша, ауылдың 20-ға жуық отбасы бір көшенің сатылып кеткеніне шағымданып, мәселенің шешілуін сұрайды. 12 жыл бойы осы жолмен жүріп келген жұрт «бір жарым жыл бұрын жердің иесі табылып, аумақты қоршап алды» деп отыр.

«Қарасай ауданына қарасты Абай ауылының тұрғындары көшесіз қалды. Үйіне өзенді айналып кіріп, көлігін көше жиегіне тастап жүргелі жылдан асыпты. Қоршау артында қалған кей заттарын кранмен тасып, қазір басқа үйдің ауласы арқылы өтіп жүр екен», –  делінген хабарда.

Телеарнаға шағын сұхбат берген Райхан Буранова есімді осы елді мекеннің тұрғынының айтуынша, осы қиыншылықты ауыл халқы бір жарым жылдан бері көріп жатыр.

«Менің екі мүгедек немерем бар, біреуі алты жаста, екіншісі тоғыз жаста. Осы қиыншылықты бір жарым жылдан бері көріп жатырмыз. Жедел жәрдем, басқа қызмет түрін шақыра алмаймыз, келе алмайды», –  деді ол.

Басқа ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, шамамен жарты жыл бұрын «көше тұрғындарға қайтарылсын» деген сот шешімі шығыпты. Алайда әлі күнге дейін жер иесінен хабар жоқ.

«Бұл жерді ашу керек. Бәрімізде құжат бар. Норматив орындалған. Әкім жұмыс істемейді. Барамыз әкімге, үнемі ауырып қалады. Міне, соттың шешімі шыққанына қанша уақыт болды», –  деді Абай ауылының тұрғыны Берікжан Құлшанов.

Кеше жолсыз қалған абайлықтар Қарасай ауданының орталығына барып, облыс әкімінен көше мәселесін шешіп беруін сұрады. Сол жерде аудан халқымен кездесуге келген Марат Сұлтанғазиев жағдайды бақылауға алатынын, тиісті органдарға тапсырма беретінін айтты.

«Құқық қорғау органдары, прокуратура, сот орындаушылары аудан әкімімен бірге жұмысты аяқтасын. Жақын арада соттың шешімін орындауға жұмыс істейміз», –  деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Осыдан кейін ауыл тұрғындары мәселе шешімін табады деп үміттеніп отыр. Халықты заңгер Мадияр Аймырзаұлы да үміттендіріп қойды. Ол соттың шешімі орындамағаны үшін Райымбек ауылының әкіміне сот арқылы 50 АЕК айыппұл салынғанын ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама