Барлығы жап-жас, тұрмысқа шықпағандары да көп
Америкада темір жол байланысы нашар. Сондықтан жүктің 70 пайызын негізінен көлікпен тасиды. Сәйкесінше бұл салада 3,5 миллион жүргізуші жұмыс істейді. Ауыр жүк көлігін жүргізетіндердің қатарында қазақ қыздары да аз емес. Әрі қатары күн санап көбейіп келеді. Бұл туралы Qazaqstan телеарнасы хабарлады.
Қазақстанда тіпті жеңіл көліктің рөлін ұстап көрмеген қазақ қызы Жұлдызай Исмайлова – қазір Америкада ұзындығы 21 метр болатын ауыр жүк көлігінің жүргізушісі. Оны басқаруды екі апта ішінде меңгеріп алған. Жалпы, жүк көлігін тізгіндегеніне 6 айдан асыпты.
Жүк көлігін айдайтын адамдарды мұнда өте сыйлайды. Американың бүкіл қозғалысы жүк көлігіне байланысты, - дейді ол.
Америкалықтар құрметпен ғана емес, таңырқай қарайтын жүргізушінің бірі – Cымбат Кәрімбекова. Жасы нeбәрі 25-те. Ол жүк көлігін жүргізуді бір жыл бұрын бастаған.
Менің бойым – 1,55 см, салмағым – 45 келі. Негізі трак дегенде көз алдыңа үлкен ер адамдар елестейді. Ал менің сыртқы келбетіме қарайды да трак тұратын алаңдарға барғанда жанармай құйғанша бәрі қарап тұрады. Кейбір америкалықтар қасыма келіп, «Тракты сіз басқарасыз ба?» деп сұрап жатады, - дейді Сымбат.
Оның Америкада жүргеніне 3,5 жылдан асыпты. Сол аралықта үй тазалау қызметін көрсететін жеке компания ашып, 15 адамды жұмыспен қамтыған кездері де болған. Бірақ коронавирустың кесірінен бизнесі тоқтаған.
Құрбыларымның бәрі трак жүргізе бастады. Сосын мен де жылжыдым. Өйткені трактағыдай жалақы ешқайда жоқ, - дейді ол.
Ал Жұлдызай Исмайлованың жанында қазір 20-30 қазақ қызы бар екен. Барлығы жап-жас, тұрмысқа шықпағандары да көп.
Жүк көлігін жүргізу табысты болғанмен қиыншылығы қоса бар. Әрбір штаттың өзіне тән жол ережесін білу керек. Оның үстіне апталап ұзақ жолға шығуға тура келеді. Ал тауарды уақытылы жеткізбесе, айлығы қысқарады.
44-45 штатта болдым. Биік тауларды, неше түрлі климаттық белдеулерді көрдім, - дейді Сымбат Кәрімбекова.
Сондай-ақ Жұлдызай Исмайлованың айтуынша, жүк көлігінің ішінде барлық жағдай жасалған. Тамақ ысытатын, жататын орын бар. Сондықтан оларға қонақ үй жалдаудың қажеті жоқ.
Дегенмен ұзақ сапар тез титықтады. Сондықтан жүргізушілердің көбі 3-4 жылда жүк көлігін тізгіндеуден бас тартады екен. Жұлдызай Исмайлова да бұл салада ұзақ жүрмей, өзі бастамашы болған Филадельфиядағы қазақ-американ қауымдастығын ширатып, қазақ бизнесін дамытуға күш салуды жоспарлап отыр.