Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда туған
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Дулат Исабеков 80 жасқа толды. Мерейтойға байланысты Halyq Uni жазушының өмірі мен шығармашылық жолына шолу жасап, архивтегі фотоларын ұсынды.
Жазушы, драматург Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысы Сайрам ауданында туған.
Ата-анасы әуелі Нысанбай деп ат қойған. Мәулен деген атасының «Дулат деп қойыңдар» деген сәлемінен кейін екінші рет азан шақырып, атын Дулат деп өзгерткен.
«Кішкентай кезімде өліп қалып, дәлізге шығарып тастап, таңертең жерлейміз деп жатқанда бір кемпір келіп бетімді ашып қараса, ыржиып күліппін. Сол кезде кемпір «Ойбай, Күміскүл-ау, мына балаң тірі ғой» деген. Олар мені адам болмайды деп өлімге мойынсұнған ғой. Дәлізде таза ауа жұттым ба екен... Содан кейін шешем байғұс шын жылаған. Ал арғы жақта менің көрімді қазып, баланы әкелсін деп адам жіберген. Арада бір-ақ сағат. Кемпір «бұл бала бармаймын деп жатыр, тіріліп кетті» деп айтыпты», - дейді жазушы Дулат Исабеков сол оқиға жайлы.
Дулат Исабеков сұқбатының бірінде жастайынан есте сақтау қабілеті жақсы болғанын айтқан.
Әдебиетке өте құмар болдым деп айта алмаймын, бірақ ықыласым болды. Құймақұлақ дейді ғой, мүмкін сондай шығар, - деген жазушы.
«ӘДЕБИЕТКЕ ЕРТЕ АРАЛАСТЫМ»
Дулат Исабеков 1966 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Оқу орнында болашақ жарымен танысып, университетті тәмамдаған соң шаңырақ көтерген.
Жазушы студенттік жылдардағы шығармашылығына қатысты сұқбатында әдебиетке ерте араласқанын айтады.
«Мен әдебиетке ерте араластым. 5-курста кітабым шықты. Атақты болдым. Пьесаны да ерте жаздым. Сахнада қойыла бастады. «Гауһартас» киносы да түсірілді. Ол өте танымал кино болды», - дейді Дулат Исабеков.
Жазушының жарының есімі – Нұрғайша Жармұқамедова.
Студенттер жазушымен кездесу болып жатыр деп, бой бермеді. 4-5 қызды сол жерге апарып, отырғызып қойды. Сол жазушыларды басқарып жүрген осы кісі екен. Көзіміз түсті. (...) Кетіп бара жатсақ, жанында бір жігітпен бірге соңымыздан қуып жетті. Солай таныстық. Менен бір курс жоғары оқыды. Ол кісі университетті бітірген соң мен 4-курста оқып жүрген кезде қаңтарда үйлендік, - деп еске алған жазушының жары Нұрғайша Жармұқамедова.
Жарының айтуынша, Дулат Исабеков шығармаларын түнде жазады.
«Балалар ұйықтап қалған кезде жазуын жазады. Демалыс күндері жазғысы келсе, біз саябаққа кетеміз, киноға барамыз, қыдырамыз. Тамағын істеп кетемін, өзі жазып отырады», - деген еді жары.
Дулат пен Нұрғайша Исабекованың Естияр есімді ұлы, Айман және Шолпан деген егіз қызы бар.
«Әйелім мен өз балаларыма да түзу жүріп, түзу шығыңдар деп айтамын. Өйткені ертеңгі күні «Дулат Исабековтің келіні осындай», «немересі осындай» деген сөз шығады деймін. Кір келтірмеңдер деп айтып отырамын», - деген бір сұқбатында жазушының ұлы Естияр Исабеков.
Дулат Исабеков ұл-қызы мен немерелерін қазақша тәрбиелегенін айтады.
Балаларымды қазақша тәрбиеледім. Немерелерімді қазақша тәрбиеледім. Шөберелеріме шамам жетпей қалды. Өйткені келіндеріміздің бәрі орысша сөйлейтін болып кетті. Кітабымды оқыса, солар оқиды. Шөберелерім оқи ма, оқымай ма, қайдам... Оқыса, орысша оқитын шығар, - дейді Дулат Исабеков.
Жазушының жары Нұрғайша Жармұқамедова 2022 жылдың сәуірінде қайтыс болды.
ӨМІРДЕН ӨНЕР ЖАСАЙДЫ
Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов Дулат Исабеков туралы «Дулат – қаламгер. Дулат – жазушы. Тәңірі сыйлаған таланттың тірлікте не істеу керек екенін «жазушы» деген жалғыз ауыз сөз өзінен-өзі паш етіп тұр. Ендеше, өзін күллі жұрттан, семьядан бөліп тастап, есікті тарс жауып, өз кабинетінде өзін қамаған осы бір тым-тырыс, жым-жырт сәтте өз ойы, өз сезімімен арпалысып отырып, ол енді тап бір тәңірінің өзімен тайталасқандай, кешегі Зейнолла Қабдолов айтатындай, өмірден өнер жасайды. Өзі жасаған өнердің құдіретімен дүниеде тірлік кешіп жатқан адамдардай, кәдімгідей адамдар туғызады. Олардың да кәдімгі адамдардай әрқайсысының өзіне бұйырмас таланты, тағдыры болады» деген.
Әбдіжәміл Нұрпейісов 2022 жылдың ақпанында дүниеден өтті. Жазушыны ақтық сапарға шығарып салуға жиналған кезде Дулат Исабеков Нұрпейісовті өзінің ұстазы деп атады.
Нұрпейісов – менің ұстазым, өмірдегі ақылшым, абызым, замандасым және құрдасым. Қандай әзіл айтсам да, жанына бататын әзіл айтсам да, басқа біреуге шап ете қалатын Әбекең маған күліп қана қоя салушы еді, - деді Дулат Исабеков.
«Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінің классигі. Оған ешкім де таласа алмайды. Классик болу да оңай емес. Оған уақыт пен ізденіс керек. Ұйқысыз түндер керек. Осы маған Дулат тым ерте классик болғандай көрінеді. 30 жасында ең әйгілі үш повесін жазыпты – «Дермене», «Сүйекші», «Тіршілік». Кейінірек «Қарғынды» жазды. Бұл шығармалар Шыңғыс Айтматовтың повестерінен еш кем емес. Шығармаларында әдебиетке керек құндылықтың бәрі бар», - дейді жазушы Төлен Әбдік.
ИСАБЕКОВТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОЛЫ
Дулат Исабеков 1967-1968 жылдары Қазақстан телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор болды.
«Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Жалын»баспасында редакция меңгерушісі қызметі атқарды. Кейінгі жылдары «Жазушы»баспасының директоры болған.
Алғашқы әңгімесі «Жолда», «Замандастар» атты жинақта 1963 жылы жарияланды.
Кейін «Бекет» (1966 жылы), «Ащы бал» (1969 жылы), «Мазасыз күндер», (1970 жылы), «Қара шаңырақ» (1973 жылы), «Тіршілік» (1975 жылы) повестер мен әңгімелер жинағы, «Қарғын» (1980 жылы) романы басылды. Таңдамалы повестері «Екі жиырма» (1983 жылы) деген атпен жарық көрді.
Бірқатар шығармаcы орыс тілінде аударылып, «Полынь» (1978 жылы), «Отчий дом» (1979 жылы), «Смятение» (1986 жылы), «Новоселье в старом доме» (1986 жылы) деген атпен басылды.
Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды.
Жазушы прозада ғана емес, драматургия бағытында да еңбек етіп келеді. Алғашқы пьесасы – «Ректордың қабылдау күндері» 1975 жылы жазылды.
«Драматургия – авторды ауыртатын жанр. Өйткені таңға дейін бірнеше сөздің синонимін іздеп немесе бір сөйлемді сызып тастап, қайта жазып отырсам да, театрда ол сөйлемді оп-оңай алып тастай салады. Қалай ауырмайсың? Басымнан қаншама осындай жағдай өтті. «Жүз жылдық махаббат» кезінде де қиын болды. Мені драматургияға алып келген – Оралхан (Оралхан Бөкей – ред.). «Құлыным менің» пьесасы сахнада қойылғаннан кейін бәріміз қызықтық. Жап-жас жігіттің пьесасы Әуезов театрында қойылу деген – сұмдық, түсімізге кірмейтін нәрсе. Оралхан ол кезде 28 жаста болды. Содан кейін «мен жаздым, сен де жаз» деп қоймады. Бірінші пьесам – «Ректордың қабылдау күндерін» Оралханның айтуымен жаздым. Ол сәтті болып, Мәскеу қабылдап, орыс тілінде қойылып кетті. Менен бірдеңе шығады екен ғой деп, «Әпкені» жаздым. Драматургияға Оралханның жетелеуімен, желкелеуімен келдім», - дейді Дулат Исабеков.
Осылайша Дулат Исабековтің қаламынан туған «Әпке» (1977 жылы), «Ертеңді күту» (1979 жылы), «Мұрагерлер» (1982 жылы), «Алыстан келген ананас» (1984 жылы), «Кішкентай ауыл» (1986 жылы), «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Бонапарттың үйленуі», «Мұңлық-Зарлық», «Амал мен айла» секілді пьесалар республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды.
«Әпкені» жазу – адамдық, азаматтық, жазушылық парызым. Кейіпкер «маған баладан бауыр қымбат» деп айтады. Қазір осылай айтатын адам жоқ. Оны менің өзім айта алмаймын, - дейді Исабеков пьесасы туралы.
2021 жылдан бастап Түркістанда ашылған драма театрда драматургтің қаламынан туған «Бөрте» қойылымы сахналанып келеді.
Немере қызымның атын Бөрте деп қойғам. Ол қазір 20 жаста. Келінім сол кезде «Кто такая Бөрте?», «зачем Бөрте?» деп сұрады. «Шыңғысхан» шыққаннан кейін Бөртенің кім екенін білді. Бөрте туралы зерттеп, көп кітап оқыдым. Бөртенің өміріне қатысты деректерді 27 бетке тіздім. Қарасам, ауқымды шығарма болғалы тұр. Ол анау-мынау емес, Шыңғысханның әйелі ғой, - дейді Дулат Исабеков.
Сондай-ақ жазушының жекелеген туындылары бойынша «Гауһартас» (1975 жылы), «Дермене» (1986 жылы), «Тауқымет» көркем фильмі түсірілді.
Дулат Исабеков «Мұрагерлер» пьесасы үшін 1985 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Мұхтар Әуезов атындағы сыйлығын алды, 1992 жылы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері болды.
2022 жылы Дулат Исабековке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылды.