Қаржы министрі әйелінің басшылық қызметке тағайындалуына қатысты пікір білдірді
Вице-премьердің жары Қазақстан даму банкінің аппарат басшысы болып тағайындалған
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жұбайының Қазақстан даму банкінің аппарат басшысы болып тағайындалуына қатысты пікірін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысынан шыққан министрге БАҚ өкілі сұрақ қойды.
«Әйеліңіздің Қазақстан даму банкінің аппарат басшысы болып тағайындалғаны рас па? Сіз «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесінің мүшесісіз. Ал Қазақстан даму банкі осы холдингке қарайды. Бұл жерде мүдделер қайшылығы жоқ па?», деді журналист.
Ерұлан Жамаубаев бұл ақпаратты растады және заңгерлер тиісті тексеріс жүргізгенін айтты.
«Мен «Бәйтерек» холдингінен арнайы ақпарат алдырдым. Заңгерлер түгел тексерді. Бұл жерде ешқандай да мүдделер қақтығысы жоқ. Аппарат басшысы басқарма мүшесі болып табылмайды, яғни ол ешбір саяси шешім қабылдамайды. Ол «Бәйтеректің» өзінде емес, еншілес ұйымында жұмыс істейді. Сондықтан ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ», - деді Ерұлан Жамаубаев.