Halyq Uni логотип
×

«Жолақыны 100 теңге қылсын». Павлодарлық автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды

Жұмысы мен оқуынан кешіккен қарапайым жұрт такси ұстап әлек

 Еркеғали Болатұлы 20.12.2022 | 12:15
«Жолақыны 100 теңге қылсын». Павлодарлық автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды
фото: salem.su

Олар 1 желтоқсаннан бастап енгізілген электронды төлем жүйесіне қарсы. Өйткені тапқан табысының бір бөлігінен комиссия ұсталады екен. Онсызда күндерін әрең көріп жүргендерін алға тартқан жүргізушілер жұмысқа шықпай қойды. Соның салдарынан мыңдаған қала тұрғыны діттеген жеріне жете алмай, сақылдаған сары аязда аялдамаларда сағаттап автобус күтуге мәжбүр.

80 теңгеден 6 пайыз алып қояды. Банктік аударымнан тағы алады. Ертең одан тағы салық төлейміз. Машина сынады. Жүргізушілердің бәрінің отбасы, 70 пайызының несиесі бар, - дейді автобус жүргізушісі Файзулла Қуанов.

Олардың айтуларынша, өздерінде тіпті автобусқа жанармай құятын ақша жоқ көрінеді. Оның өзін қазір каспи редпен құйып жүр екен.

Валидаторлар шыққалы жүру тиімсіз болып қалды. Жолақыны 100 теңге қылсын деп сұрадық. Ешкім көтермеді. Соған қарамастан, табыстың 6 пайызын автоаркке төлейміз. Ай сайынғы жүру кестесіне тағы төлейміз. Сол үшін кетіп қалдық маршруттан, - дейді келесі жүргізуші Арман Ілиясов.

Осылайша, олар жұмысқа шықпаймыз деп бас көтеріп жатқанда, жұмысы мен оқуынан кешіккен қарапайым жұрт такси ұстап әлек болып жүр. Жиналғандармен жолыққан қала әкімдігінің өкілдері мәселені шешуге уәде беріп, жүргізушілерді сабырға шақырды.

Біз қазір автопарктің басшыларымен сөйлесетін боламыз. Жүргізушілермен келіссөз жүргізіп, шағын автобустарды қайтадан жұмысқа шығарамыз. Бұл мәселені жүргізушілермен дөңгелек үстел басында жиналып, шешеміз, - деді Павлодар қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайырболат Найманов.

Енді қала әкімдігі барлық жүргізушіні 26 желтоқсанда шақырып, мәселесін тыңдамақ. Ал ол кезде де түйткіл шешілмейтін болса, жүргізушілер мүлде жұмыс істемейміз деп тарасты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама