Жоспардан тыс тексеру былықтың бетін ашты
Маңғыстау облысының экология департаменті Rixos қонақ үйіне 76 млн 245 мың 549 теңге айыппұл салды.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті Aktau tourism city ltd жеке компаниясының филиалына қатысты Каспий теңізі мен Қаракөл көліне сарқынды сулардың ағызылуына жол бергені жөнінде жүргізілген жоспардан тыс тексеру қорытындысымен бөлісті. Жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша табиғат қорғау заңнамасы талаптарының бұзылғаны анықталды, – дейді Маңғыстау облыстық экология департаменті.
Айта кету керек, ағынды сулардың теңізге төгілгені теңіз суын тазарту қондырғысынан және дихлорлаудан кейін бассейн суынан пайда болатын су саналады. Сондай-ақ кәріздік-тазарту қондырғысының (КТҚ) жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуына байланысты, қонақ үй кешенінен пайда болған барлық ағынды су кейін қалалық кәріздік-тазарту қондырғысына шығарылып, арнайы септикке ағызылады.
«Aktau tourism city ltd» ЖШС-ке қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындауға Ecojer қазақстандық өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығының Маңғыстау өңірлік экологиялық кеңесінің хаты негіз болған және ол Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының келісімімен жүргізілді. Тексеріс барысында мамандар ретінде «Жайық Каспий бассейні инспекциясы» РМК, Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасы, Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлері тартылды. Қазір олар өз құзыреті шегінде тиісті шаралар алмақшы. Сондай-ақ жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша, заң бұзушылықтарды жою мерзімдері көрсетіліп, тиісті нұсқамалар берілді. Бұл талаптардың орындалу барысы Маңғыстау облысы экология департаментінің тікелей бақылауында болады», – делінген ақпаратта.