«Дикий» Арманның «көкесі» болған ҰҚКД экс-басшысы аштық жариялады
Ол қаңтар оқиғасында Арман Жұмагелдиевке Алматыдағы алаңға халықты алып шығуды тапсырған
ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов Алматы қалалық ҰҚКД тергеу абақтысында 40 күн бойы аштық жариялап жатыр. Бұл туралы оның зайыбы мәлімдеді.
Айта кетсек, Руслан Ысқақов – ҰҚК-нің құқық қорғау органдарына қарсы барлау қызметін қамтамасыз етумен айналысатын 5-департаментінің бұрынғы басшысы. Бұл – елдегі заңдылық пен тәртіп құрылымдарын бақылайтын элиталық бөлімше.
Қазір оның есімі бірден бірнеше оқиғаға қатысты айтылады. Оның ішінде қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің «үстінен қараған» деген күдікке де ілінген.
Тергеу мәліметтеріне қарағанда, ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері Арман Жұмагелдиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобын ұзақ уақыт жасырып, 5 қаңтарда оған Алматыдағы алаңға халықты жинап, алып шығуды тапсырған.