Шетелдіктердің келуі туралы уақтылы хабарламаған 913 азамат та әкімшілік жазаға тартылды
Түркістан облысында шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартқан 182 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, биыл Түркістан облысының аумағында «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының талаптарын өрескел бұзуға жол берген 3 640 шетелдік пен Қазақстан Республикасының азаматтары анықталған. Олардың ішінде Түркістан облысына келіп, заңсыз жұмыс істеген 1 575 шетел азаматы бар. Олар ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі («Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы») бойынша жауапқа тартылған. Ал сот шешімімен 457 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды.
Сонымен қатар, шетелдіктердің келуі туралы уақтылы хабарламаған қабылдаушы тарап бойынша 913 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы («Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы») бойынша әкімшілік шаралар қабылданған.
Ал шетелдік жұмыс күшін заңсыз жұмысқа тартқаны үшін 182 адам ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы («Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.