Бірақ ешқашан Алладан үмітімді үзбедім, дейді ол.
Қазақстандықтарға белгілі махаббат хикаясының кейіпкерлері Мәрлен мен Әнел алғаш рет ата-ана атанды, деп хабарлады turkystan.kz.
Әнел әлеуметтік желідегі парақшасында алғашқы сәбиін қалай күткені туралы айтты.
«Алла бізге 10 жыл сабырмен күткен сәбиді берді. Иә, маған оңай болмады. Дәрігерлер «ешқашан ана болмайсың» деп неше мәрте қолдарын бір сілтеді. Маған ауыр тиетін, жылайтынмын. Бірақ ешқашан Алладан үмітімді үзбедім», – деп ақтарылды Әнел.
Жас ана жарық дүние есігін ашқан ұлына да жазба арнаған.
«Қош келдің, ұзақ күткен ботам. Осы сәтті көрсеткен Аллаға сансыз шүкір. Сенің иісің бөлек қой, ботақаным. Мен негізі босанып, аман-есен перзентханадан шыққан болатынбыз. Қазір қайта перзентханаға оралдық», – деп жазды ол.
Әнел босанар кезде жанында болып, қолдау көрсеткен Мәрлен мен анасына алғысын білдірді.
«Күндіз-түні жанымда болған, 1 күн, 1 түн жалғыз қалдырмаған анам мен Марленіме алғысым шексіз. Барлық жағдайымды жасап, қиын сәтте жанымнан табылып, қолдау көрсетіп, әр жылаған сайын жасымды сүртіп, күйзеліске түскен сайын шығаруға тырысып, баланы түнімен қарап, қолынан келгеннің барлығын жасап жүрді. 10 жыл бойы менімен бірге сабыр сақтап, бір сәт бетіме баспай, соңына дейін Алладан дұға сұрап, үмітін үзбеген Марленге Раббым сәби берді», – деліген жантебірентерлік жазбада.
Әнелдің айтуынша, бәрі оңай болмаған көрінеді. Анасы мен сәби перзентханаға қайта оралды.
«Аузында, мұрнында трубкасы бар баламның аппаратта жатқанын көргенде, жүрегім тоқтап қала жаздады. Дем ала алмай қалдым, аяқ-қолым дірілдеп өз-өзіме келе алмадым. Сол жерде дәрігерлер «жылама, бала бәрін сезеді» деп жұбатты. Қалай жыламаймын? Ана жүрегі сонша нәзік бола ма? Баяғы мықты Әнел қайда? «Балам емес мен жатайыншы осы трубкаларға байланып, әр алып жатқан дәрілері маған салынсыншы» деп ойладым. Сол жерде қолыма ұстап, кеудеме бассам ғой деп армандадым. Мені шығарып алып кетті. Баламның қасында отырмай таңнан кешке дейін тұрып тұруға дайын болдым! Рұқсат бермеді», – деп жазды Әнел.