Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облысында өрт шыққан тұрғын үйде алты адам қайтыс болды

Өрттің неден шыққаны анықталып жатыр

 Халық үні 16.12.2022 | 10:45
Қарағанды облысында өрт шыққан тұрғын үйде алты адам қайтыс болды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Қарағанды облысында өрт шығып, алты адам қайтыс болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 16 желтоқсан сағат 01:51-де Теміртау қаласының Ақтау кентіндегегі 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен.

Өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 02:25-те жетті. 1-қабаттағы 3 бөлмелі пәтерде 40 шаршы метр аумақта өрт шыққанын анықтады.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандары келгенге дейін тұрғындар 5 адамның мәйітін кіреберістен көшеге алып шыққан. Олардың арасында 15 және 11 жастағы екі жасөспірім, 39 және 31 жастағы екі әйел мен 31 жастағы ер адам бар.

Зардап шеккен адамдар жоғары қабаттағы пәтерлерден түтін басқан кіреберіс арқылы өз бетімен эвакуацияланбақ болған. Түтіннің мөлшері көп болып, тұрғындар далаға шығып үлгермеген, - деп хабарлады ТЖД.

Өрт сөндірушілер өртті сөндіру барысында 45 жастағы ер адамның мәйітін тапты. Сондай-ақ үш адам жарақат алған.

Өрт сөндірушілер баспалдақ пен тыныс алу аппаратының көмегімен түтін басқан пәтердің кіреберісінен 10 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды. Өрт 03:10-да оқшауланып, 04:00-де сөндірілді, - делінген ресми ақпаратта.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Оқиға орнында сынақ өрт зертханасының мамандары мен тергеушілер жұмыс істеп жатыр.

Өрт фактісі бойынша полиция қызметкерлері Қылмыстық кодексінің 292-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама