×

Қазақстандықтар Тәуелсіздік күнін атап өтіп жатыр

Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 31 жыл болды

 Айгерім Таубай 16.12.2022 | 08:00
Коллаж Halyq Uni

Қазақстан 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздігін жариялады. Осылайша республика егемен ел ретінде тарихтың жаңа парақтарын ашты. Halyq Uni материалынан 2022 жылы Тәуелсіздік күнінің қалай тойланатынын оқыңыз.

1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамында болған елдер өз егемендігін жариялады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Сол жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Қазақстан одақ құрамындағы елдер арасында егемендігін ең соңғы болып жариялады.

«Құқықтық тұрғыда әлемнің саяси картасында дәл осы күні жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Осылайша, тарихи әділеттік орнап, бабаларымыздың ұлы арманы орындалды. (...) Меніңше, Тәуелсіздік күні тек ресми бекітілген мерекелік дата ғана болуға тиісті емес. Бұл күннің одан анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні есебінде мерекелей алады», - деп жазған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында.

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР МЕН АТА ЗАҢ ҚАБЫЛДАНДЫ

1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның туы, елтаңбасы мен әнұраны ресми түрде бекітілді. Ал 2007 жылы «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

1992 жылы алдымен мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобы құрылған. Шығармашылық комиссия да жасақталды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері енді. Осыдан кейін елтаңба, ту, әнұран жобасын жасауға конкурс жарияланды.

Конкурсқа 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік ту эскизі бойынша 1200 өтінім түскен. Соның ішінен суретші Шәкен Ниязбековтың нұсқасы бекітілді.

Конкурсқа елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 кескіндемесі ұсынылды. Сәул тші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегі үздік деп танылды. 

Рәміздер конкурсында әнұранның 750 нұсқасы да қаралды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтауға шешім қабылданды. Осылайша, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамидидің музыкасы қалды. Ал үздік мәтінге жарияланған байқауда белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

2006 жылы Қазақстанның жаңа мемлекеттік әнұраны қабылданды. Халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік рәміздерін бекітті, Ата заңын қабылдады. Халықаралық ұйымдарға мүше болды.

Республикада Конституция екі рет қабылданды. Алғаш 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған құжатта Қазақстан парламенттік республика деп көрсетілді. Алайда 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум өткізіліп, Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл құжат қазірге дейін қолданылады. Ата заң 9 тарау, 98 баптан тұрады.

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАЛАЙ ТОЙЛАНАДЫ?

2022 жылдан бастап 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні тойланатын болды. Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған құттықтауында бұл күннің маңызына тоқталды.

«Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы. Биыл еліміз үшін бетбұрысты жыл болды. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келдік. Елдігімізге іштен де, сырттан да зор қауіп төнді. Дегенмен мызғымас бірлік пен ырыс-ынтымақтың арқасында барлық қиындықты еңсеріп келеміз», - деді президент құттықтауында.

16 желтоқсан тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтеді. Мәдениет министрлігінің хабарлауынша, Тәуелсіздік күніне орай ел аумағында тақырыптық кездесулер, көрмелер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады.

Астанада мерекеге орай 16 желтоқсанда шаңғы трассасында «Алғашқы қар» шаңғы маусымының ашылуы өтеді. Іс-шара сағат 11:00-де басталады.

16-18 желтоқсан аралығында Тәуелсіздік сарайында жұптық биден елорданың ашық чемпионаты ұйымдастырылады.

Сондай-ақ 16-19 желтоқсан аралығында Ұлттық би спорт ойындары өтеді. Ашылу салтанаты Бейбітшілік және келісім сарайында 17 желтоқсан сағат 12:00-де өтеді.

Алматыда бұл күні түрлі мерекелік және ресми іс-шара, соның ішінде ғылыми-практикалық конференция, фотокөрме өтеді.

16 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында Тәуелсіздік монументіне гүлшоқтары қойылады. 17 желтоқсанда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына 36 жыл болады, соған орай «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтары қойылады.

Айта кетейік, Тәуелсіздік күніне орай аптасына бес күн жұмыс істейтіндер 16, 17, 18 желтоқсанда демалады. Ал алты күн жұмыс істейтіндер үшін 17 желтоқсан – жұмыс күні.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама