×

Украинадағы соғыс өрті күшейген аумақтарда 200-дей отандасымыз қалып отыр – СІМ

Ал ондағы мыңдаған қандасымыз эвакуацияға өтініш бермеген

 Ербол Тұрымбет 10.03.2022 | 12:45
фото: ашық дереккөзден

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Украинадағы қақтығыс күшейген аумақтардағы қазақстандықтар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Оның айтуынша, әскери қақтығыс әлдеқайда шиеленіскен аумақтардан отандастарымызды алып шығу мәселесі тұр. Қазақстан Украина мен Ресей тарапы келіссөз жүргізіп жатқан гуманитарлық дәліздің іске қосылуын күтіп отыр. Мүмкіндік туған бойда дипломаттарымыз азаматтарымызды ол жақтан дереу алып шықпақ. Ал елшілігіміз эвакуацияланбаған, тек Киевтен Львовқа көшіріліп, азаматтарымызды эвакуациялау бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. Сондай-ақ министр ондағы қандастарымыз туралы да айтып берді. 

Украинада мыңдаған қандасымыз бар. Олар Қазақстанға эвакуациялауға өтініш білдірсе, оларды алып келуге дайынбыз. Президентіміз тиісті тапсырма берген. Бірақ қазіргі жағдайда Еуропалық одақ Украина азаматтарына үлкен көмек көрсетіп жатыр. Олар Еуропаға көшуге мүмкіндік беріп, қаржылай да, визасыз тұруға да көмек көрсетуде. Сондықтан біздің қандастарымыз Украина азаматтары болғаннан кейін осы мүмкіндіктерді пайдаланады, – дейді Тілеуберді. 

СІМ мәліметінше, қазір Катовице қаласында 165 қазақстандық бар. Харьковта – жетеу. Мариуполь қаласында – 18 адам. Электр энергиясы мен телефон жүйелерінің үзілуіне байланысты олармен байланыс жоқ. Сумы қаласында – екеу, олармен тұрақты байланыс бар. Олардың бәрі гуманитарлық дәліздер арқылы эвакуацияланбақ. Ал дәліздердің ашылуын Ресей мен Украина тараптары талқылап жатыр.

Львовтағы Қазақстан консулдығының жанындағы эвакуациялық жинау орнында 11 адам жиналған.

Бүгінге дейін 731 қазақстандық Украина аумағынан шығарылды. Оның ішінде 662 адам Польшаға, қалғандары Молдова, Румыния, Мажарстан мен Словакияға барған. Бұған дейін 432 азамат үш репатриациялық рейспен елге оралған еді. Соңғы легі кеше түнде сағат 23:05-те Катовице қаласынан (Польша) ұшып шықты. Ұшақпен 155 жолаушы, оның ішінде 7 сәби келді. Сондай-ақ дипломаттар көмегімен 57 қазақстандық ауыр жүк көлігінің 44-і Украина аумағынан шыққан. Қалған 13-інің жүргізушілеріне жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.

Атап өтсек, қазір Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Жуырда Путин Донбасстағы арнайы әскери операция туралы мәлімдеді. Қазақстан және Украина арасындағы әуе рейстері тоқтады. Бұған қоса еліміздің турфирмаларына жолдама сатуға тыйым салынады. Қазақстан Украинадағы азаматтарын эвакуациялауға кірісті. Украинада зардап шеккен еліміздің азаматтарының бар-жоғы анықталды. Елшілік Украинадағы қазақстандықтарға үндеу жасады. Валюта бағамы әрі банктерге қатер күшейе түсті, деді Президент. Елімізде тауарды негізсіз қымбаттатқандар жазаланады. Смайылов Тоқаевқа Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету шаралары жайлы баяндады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізді. Ұлттық банк рубль бағамының теңгеге әсері туралы мәлімдеме жасады. Үкіметте дағдарысқа қарсы жедел штаб құрылды. Украина мен Ресей кейбір секторда қақтығысты тоқтатуға келісті. Алматыда Украинаны қолдауға бағытталған митинг өтті. Қазақстан Украинаға 2,2 млн доллардың дәрі-дәрмегін жібермек. Украинадағы қазақстандықтардың төртінші легі елге оралды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама