Астананың бесінші ауданының атауы мен бюджеті белгілі болды
Жаңа ауданның шекарасы 19 336 га болады
Елордада жаңадан құрылатын бесінші ауданның құрылымдарын ұйымдастыруға алдын ала есеп бойынша 390 миллион теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл туралы Астана қалалық мәслихатында өткен жария тыңдаулар кезінде белгілі болды, деп хабарлайды Halyq uni.
Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің айтуынша, қалалық ономастика комиссиясы 1 желтоқсанда жаңадан құралатын ауданға атау беру мәселесі бойынша отырыс өткізген. Нәтижесінде екі ұсынысқа тоқталды.
«Көптеген ұсынысты саралап, ең соңында екі ұсынысты ономастика комиссиясының отырысына алып шықтық. Оның бірі – Нұра атауы. Нұра – Қарағанды мен Ақмола облысының аумағындағы ұзындығы 1 мың шақырымға жуықтайтын өзеннің аты. Жалпы 200-ге жуық тармағы бар. Тарихта Нұра мен Есілді қос өзен деп те атаған. Екеуін қосып айтатын дерек өте көп, сондықтан осы атауды таңдап отырмыз», - деді Сәкен Есіркеп.
Сондай-ақ мамандар жаңа ауданға Қараөткел деген атауды ұсынып отыр.
«Бұл атау елордамыздың тарихымен тығыз байланысты. Орта ғасырда осы жерде болған сауда орталықтарының бірі. Қараөткелдің этимологиясына келетін болсақ, «мол» деген мағынаны береді. Лингвистермен талқылаған кезде атаудың тыңдағанда ыңғайлы болуына мән бердік. Мысалы, Нұра деген атауы қысқа, анық әрі түсінікті. Қараөткелге келетін болсақ, қазақ тілі ғылымында Ахмет Байтұрсынов қалыптастырған ережеде екі дауысты әріп қатар келмейді дейді. Қараөткел атауын Қарөткел деп жазуға тура келеді. Сондықтан біз Нұра атауына тоқталдық», - деп толықтырды басқарма басшысы.
Қазір жаңа ауданның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Бастапқы есеп бойынша жаңа ауданның барлық құрылымына 390 миллион теңге шамасында қаражат қарастырылған.
Айта кетейік, Алматы ауданының шекарасы 15 471 га, Байқоңыр ауданының шекарасы 18 129 га, Есіл ауданының шекарасы 20 022 га, Сарыарқа ауданының шекарасы 6 775 га. Ал жаңа ауданның шекарасы 19 336 га болады. Оның шекарасы қаланың батыс бөлігіндегі Есіл өзенінің бойымен шығысқа қарай Қабанбай батыр даңғылына дейін, одан әрі Қабанбай батыр даңғылының тақ сандар жағымен және Қарқаралы тас жолының батыс жағымен қаланың оңтүстік шекарасына дейін деп белгіленген.