Ол 26 ақпаннан бері байланысқа шықпаған
Прага қаласында білім алып жүрген 20 жастағы қазақстандық студент жоғалып кетті. Ол соңғы рет 26 ақпанда байланысқа шыққан. Хабарсыз кеткен Олег Кузьмин соңғы рет әкесімен хабарласып, көмек сұраған. Бұл туралы Чехияда білім алып жатқан қазақстандық студенттің досы Instagram желісінде жазды.
«20 жастағы Олег Сергеевич Кузьмин Прагада тұрып, оқыды. Бірақ 26 ақпаннан бастап хабарсыз кетті. Сол күні Олег әкесіне қоңырау шалып, көмек сұраған. Содан бері студент жайлы хабар жоқ. Ол Кунратице ауданындағы Blanice студенттік жатақханасында (Chemicka 955) тұрды және Либен ауданындағы Ambis университетінде оқыды (Lindnerova 575/1). Оның телефонынан соңғы рет сигнал қала орталығынан түскені анықталды. Сол кезде абонент Florenc автовокзалына қарай бет алған», - делінген жазбада.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазір Прагада жоғалған қазақстандық студентті жергілікті полиция іздеп жатқанын, мәселе ведомствоның бақылауында екенін жеткізді.