×

Өзбекстан президенті үйлерді аралап, жылуды тексерді (ВИДЕО)

Ол әуелі Чиланзар жылу орталығына барды

 Дастан Жұмабекұлы 15.12.2022 | 11:58
фото: ашық дереккөз

Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзияев Ташкент қаласындағы тұрғын үйлерді аралап, жылуды тексерді.

Ол әуелі «Ташкент жылыту орталығы» кәсіпорнының Чиланзар жылу орталығына барды. Бұл кешен 1969 жылы салынған. Қазандықтың қуаттылығы 700 Гкал қуатына ие. Орталық 921 көпқабатты тұрғын үй мен 100-ден аса әлеуметтік сала нысандарын жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.

Соңғы күндері ауа райының күрт суытуына байланысты газ қысымының төмендігі байқалған. Ол жылыту деңгейіне кері әсерін тигізіп жатыр. «Чиланзар» жылу орталығында жабдықтар мен желілер ескірген. Жылу беруде проблема бар. Сондықтан осыған байланысты қажетті шаралар талқыланды.

Өзбекстан басшысы жылу өндірудің баламалы көздерін іздестіру, құбырлар мен үйлердегі температураны сақтау қажеттігін атап өтті.

Ташкент қаласының аудандарына 2 мегаватт электр станцияларын әкелу және қосымша жылу энергиясын құру туралы ұсыныс мақұлданды. Осындай қондырғылардың бірі 1 340 үйді жылумен қамтамасыз етеді. Өнімнің өзіндік құны төмен болғандықтан, баға көтерілмейді.

Осыдан кейін Шавкат Мирзияев күтпеген жерден «Ширин» махалласына барды. Тұрғындардың үйлерінде болып, тұрмыстық жағдай және жылумен қамту мәселесіне қызығушылық танытты. Сол жерде пәтерлердің біріне барып, қала тұрғынының жағдайымен танысты. Пәтер есігін ашқан адамнан бірден үйге жылудың қалай беріліп жатқанын сұрады.

- Үйіңізде жылу қалай?

- Рас айтсам, аздап жылу жетпейді.

- Жалпы, жылу жете ме?

- Ну, тоңып жатқан жоқпыз.

- Жетеді дейсіз ғой...

- Иә.

- Үйде неше адам тұрып жатсыздар?

- Бес адамбыз.

- Қазір сіз үйде жалғызсыз ба?

- Ұлым бар.

- Сонда үйде қатты суық емес дейсіз ғой?

- Тоңып отырған жоқпыз.

- Құдай қаласа, Құдай қаласа… тоңбаңыздар.

- Рахмет! Сізді көргеніме қуаныштымын.

- Мен үйіңізге жылудың берілуін білгім келіп еді. Сол үшін келіп тұрмын.

- Шынымды айтсам, мен сәл толқып, қобалжып тұрмын.

- Неге?

- Мен сізді бірінші рет көріп тұрмын. Содан ғой деймін.

- Қобалжып тұрсыз ба? Мені таныдыңыз ба?

- Әрине, танымағанда! Сізге бар жақсылықты тілеймін!

- Жақсы. Рахмет! Ең бастысы, көңіл-күйіңіз жақсы болсын! Суық ауа райы келеді, кетеді. Сіздерге үйге жылу беру үшін бар жағдайды жасаймыз.

- Рахмет!

Бұдан кейін президент ауланы абаттандыру, қоқыстан тазарту мәселесіне назар аударды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама