×

Мектептерге тамағын үйден әкелетін оқушылар үшін арнайы үстел мен тоңазытқыш қойылады

Ата-аналардан сондай ұсыныс түскен

 Еркеғали Болатұлы 15.12.2022 | 09:50
фото: smi24.kz

Оқу-ағарту министрлігі жаңа бастаманы қолға алды. Енді мектепке үйден тамақ әкелемін дейтін оқушылар үшін арнайы үстел мен стандарттарға сай тоңазытқыш қойыла бастамақ.

Ал бұл бастама білім ошағындағы асхананың жұмысын тендер арқылы жеңіп алған кәсіпкерлерге онша ұнап тұрған жоқ. Олар кәсібіміз құлдырап кете ме деп алаңдайды.

1-сынып пен аз қамтылған отбасының балаларын тегін тамақтандырамыз. Біз шыққан ақшаны азық-түлікке жұмсаймыз, ал мемлекеттен бөлінетін қаржы 1 айда бір рет түседі. Акт жапқаннан кейін төлейді. Сол үшін бізге қиын болып қалайын деп тұр, - деді «Астана» телеарнасына пікір білдірген жеке кәсіпкер Санат Тұрлыбеков.

Мектеп директорларының айтуынша, бұған дейін де үйден тамақ әкеп жейтіндер болған. Олар үшін арнайы үстел де қойылған.

Біздің мектепте 0-11 сыныптар аралығында 1 418 оқушы оқиды. Мектепте ыстық тамақпен бастапқы буын қамтылған. Әр сыныпта тамағын өздерімен бірге алып келетін балалар бар. Ата-аналар жиналысында бұл мәселені пысықтадық. Кез келген бала өзімен үйден тамақ таси алады, - дейді мектеп директоры Сәуле Болатбекова.

Министрлік өкілдері бұл бастамасын еуропалық тәжірибе деп отыр. Ата-аналардан да сондай ұсыныс түскен.

Оқу-ағарту министрлігіне үйден тамағын әкелу мүмкіндігі туралы бірнеше рет ұсыныстар келіп түсті. Бұл – негізінен денсаулығына байланысты, белгілі бір диетаны қажет ететін балалар. Осыған байланысты тамақты ұйымдастыру қағидаларында үй тағамдарын қабылдау үшін қажетті жағдайлар жасау туралы нормалар көзделген. Енді оларға тамақтану үшін асханадан арнайы орын бөлінеді, - деді Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.

Сондай-ақ олардың ұйымдастыруымен мектеп асханалары мен жуынатын бөлмелерді бақылауға арналған бағдарлама да іске қосылған. Осылайша, балалар үшін барлық жағдай жасалмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама