×

«Жас әкелер отбасын не үшін құратынын білмейді». Ажырасқандар үшін бала саудаласу құралы

Елордада VII республикалық әкелер форумы өтті

 Ербол Тұрымбет 15.12.2022 | 09:38
Фото: Halyq Uni

Әкелер отбасын материалдық қамтумен, бюджетті басқарумен әуре. Енді үйленіп жатқандар арасында не үшін отбасын құрып жатқандарын түсінбейтін жігіттер көп. Соның кесірінен балалардың сабақ үлгерімі нашарлайды, балаға әке мейрімі жетіспейді. Жас отбастары арасында ажырасу жиілегендіктен баланың ана мен әке арасындағы саудаласу затына айналған жайттар көбейген. Бүгін елордада өткен VII республикалық әкелер форумы қазіргі қоғамымыздағы осындай өзекті мәселелерді сөз етті. Биылғы форум «Отбасы – ұлт тірегі» тақырыбына арналған.

ӘКЕЛЕРДІҢ 1-2%-Ы ҒАНА БАЛАСЫН ҚҰШАҚТАЙДЫ

Шара ұйымдастырушысы Әкелер одағының төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбеттің айтуынша, қазір ұйымда мыңнан астам әке бар. Тарихымызда отбасында әкенің проблемасы болмаған. Сондықтан ұйымның негізгі мақсаты – әкелер институтын дамыту емес, оны қалпына келтіру.

Себебі ол мәселе ретінде көтеретіндей жағдайға жеткен. Сенат депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлейменнің сөзінше, әлеуметтік сауалнамаға бойынша, қазір әкелердің 1-2%-ы ғана 6-7 жастағы балаларымен құшақтап, көңілін аулайды. Ал бұл баланың нағыз қалыптасатын кезі. 

Сондай-ақ, қазір тұрмыстық зорлық-зомбылықтан бөлек, үйленген жастар арасында баласы барына қарамастан ажырасу көптігін айтады. Содан кейін бала ортада сауда ойыншығына айналады.

Анасы баласын әкесіне көрсетпейді. Сөйтіп, өзінің іштей ренішін, қыжылын бала арқылы жүзеге асырады. Яғни, баласының қамын ойламай, тек өзінің «эгосын» ғана іске асыратын жағдайлар бар. Ал бала екі қанаты тең болуы керек, әкесін көріп өсуі керек. Сондықтан бұл жерде ерге де, әйелге де балаға нұқсан келтірмейтіндей, анасынан да, әкесінен де мейірім көріп өсетіндей саналылық керек, – дейді сенатор. 

БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ӘКЕ РӨЛІ ЖЕТІСПЕЙДІ

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметі бойынша, 2021 жылы 3,5 мың ер адам бала күтімі бойынша демалыс алған. Қоғамдық зерттеулер институтының мәліметіне сәйкес, сауалнамаға қатысушылардың 40%-ы отбасындағы бала күтімі мен тәрбиелеу жөніндегі міндеттемелерді тең бөлісетінін айтқан. Ал 72,3%-ы балаларымен бірге серуендеуді, бос уақытын өткізуді жиі ұйымдастыратыны анықталған. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің сөзінше, министрлік жуырда ата-аналардың, соның ішінде әкелердің рөлін зерттеуге тапсырыс берген. Соның нәтижесі бойынша, әкелердің бала тәрбиесіне тым аз араласатыны көрініп тұр.

Зерттеу нәтижесі бойынша әкелер арасында отбасының материалдық қажетін қамтамасыз ететіндері 50%-дан жоғары. Отбасылық бюджетті басқарумен айналысатындары 21%. Тек 9,6%-ы ғана балаларын спорт секциялары мен үйірмелерге апарады екен. 

Ал аналарға келсек, балаларының сабағын қарап, үй жұмысын тексеретіндері 39%. Балаларының денсаулығына қарайтындары  34%. Ал 24%-ы балаларын спорт секциялары мен үйірмелерге апарады.

Ал Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық TIMSS зерттеуін мысалға келтірді. Онда баланың сабақ үлгерімінде де ата-атаның рөлі зор екені көрініс тапқан. Мысалы, 4-сынып балаларының білім беру сапасы зерттелген. Сонда баланың оқу үлгерімі мұғалімнің біліктілігі немесе мектептің материалдық жабдықталуы ғана емес, ата-ананың баласының мектептегі үлгеріміне қызығушылық білдіруіне байланысты екенін анықталып отыр. 

Және бір атап өтерлігі, үй жұмысын орындауға көмектесіп, мектептегі жағдайын сұрап отыратын ата-аналардың балалары үлгерімі жөнінен басқа балалардан кем дегенде 1 жылға озып тұратыны анықталған. 

Министрдің сөзінше, бүгінде «Білім беру ұйымдарында тәрбие беру қалай жүруі керек?» деген тұжырымдама дайын. Абайдың кемел адам тұжырымдамасы аясында жасалған жұмыс жуырда жарияланбақ. 

ЖАС ӘКЕЛЕР ОТБАСЫН НЕ ҮШІН ҚҰРАТЫНЫН БІЛМЕЙДІ

Отбасы коучы, педагог, 7 жылдан бері отбасы мәселелерін зерттеп келе жатқан Асхат Әбжановтың сөзінше, отбасылық зерттеу нәтижесі әкеге қатысты үш басымдықты көрсеткен. 

Бірінші функция – қаржыландыру. Әке отбасын қамтамасыз ету үшін қаржы құяды. Екінші мәселе – отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Үшіншіден, әкенің басында «не үшін отбасын құрып жатырмын?» деген сауал тұрады. Көбі оған бас ауыртып жатпайды. Отбасын құрды, балалы болды, сонымен бітті. Бірақ отбасы не үшін керек, қандай қажеті бар деген жағын жеткілікті ойланып жатпайды. 

«Үш жылдан бері жас отбастарымен айналысып келем. Маған келетін жас әкелер өз басының жайлылығы үшін отбасын құратынын айтады. Яғни, оларға асын, киімін дайындап беретін адам керек. Ал өзі жұмыс істеп, ақша тауып жүрсе болғаны. Бірақ олар әйеліне қаншалықты қолайлы жағдай жасау қажет екеніне, бақытты болуына мән бермейді», – дейді ол.

Қоғамдағы мұндай келеңсіздіктерді болдырмас үшін жиын қатысушысы, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев форумды науқандық шара ретінде қалдырмай, ары қарай жалғастыру керектігін айтты. 

Мен әкесіз өссем де әкем жоқ деп айтуға болмайды. Ел – алтын бесік тәрбиеледі. Мен бұрын шылым шегуші ем. Көп шегетінмін. Бір жолы келінім «Ата келеді де немересін сүйеді» деді. Бірден тастадым. Содан бері міне, 12 жыл болды, шылым шекпеймін. Адам тәрбиені өзінен бастау керек, – дейді. 

Халық қаһарманы өмірінде ауыр соққы болған жайды да мысал етті. 

«Екі балам қайтыс болып кетті. Лейтенант кезімде «баракта» тұрдық. Суық, қиын. Жеңгең ауылдың қызы, ондайға үйренбеген. Балам қатты ауырды. Екінші балам 30 жасында қайтты. Оның бәрін көргем. Бірақ сонда да Әке деген өзгеше қасиетті ат. Ана мен Әке қатар жүреді. Бірақ Ана алда жүреді, Әке қорғап жүреді», – деп іштегі сырымен бөлісті. 

Айта кетейік, «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі елордада 2012 жылдың тамыз айында құрылды. Ұйымның негізгі мақсаты – әкелердің балаларды тәрбиелеуге белсенді қатысуын насихаттау және әкелерді оқу орындарының қызметіне белсенді қатысуға тарту, сондай-ақ, әке болудың беделін нығайту мақсатында іс-шараларды өткізуге бағытталған. Одақтың 10 өңірде филиалы бар. Мектептерде әкелер кеңестері ашылған. Он шақты бағдарламамен жұмыс істеп жатыр.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама