Бас прокуратура Қаңтар оқиғасына қатысы бар қылмыстық топтарды атады

Айгерім Таубай

Қаңтар оқиғасына байланысты 5 мыңнан аса қылмыстық іс тіркелген

Фото: Эдуард Галеев

Бас прокуратура Қаңтар оқиғасына қатысы бар қылмыстық топтарды атады, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Қылмыстық қудалау органдары қаңтар оқиғасына қылмыстық топ мүшелерінің қатысқаны анықталғанын бұған дейін хабарланды. Бұл – Арман Жұмагелдиевтің («Дикий» Арман) «Қазақстандық» және «Айшуақ-Жантүгел» топтары. Олардың қылмыстық әрекеттерінен азаматтар зардап шекті, оның ішінде қайтыс болғандар да бар», - деді Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның сөзінше, ұйымдасқан қылмыстық топтың 24 мүшесі тартылған.

Айта кетейік, құқық қорғау органдары Қаңтар оқиғасына байланысты  5 мыңнан астам қылмыстық істі тіркеді. Оның барысында төрт жарым мыңнан астам сараптамалық зерттеу жүргізілді. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу және ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі 131 тергеп-тексеру тіркелген. Осы қылмыстарды жасағаны үшін 931 адам күдікті деп танылды. 96 адам қамауда. 481 адам сотталды.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНДА ҚИРАҒАН ҒИМАРАТТАР

Бас прокуратураның хабарлауынша, 5 қаңтар сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін Алматы қаласындағы қала әкімдігіне, Президент резиденциясына, әуежайға, «Хабар», «Қазақстан», «Мир 24» телеарналарының кеңселеріне және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасы ғимаратына шабуыл жасалды.

Шымкент қаласында қала әкімдігінің ғимараты, «Көрме» орталығы, «Түркістан Сарайы» мәдениет үйі, Шанин атындағы драма театры, әл-Фараби және Қаратау аудандарының полиция бөлімдері, Абай аудандық прокуратурасы зақымданды.

Тараз қаласында облыс және қала әкімдігінің,  полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің, қалалық бөлімдер мен полиция басқармасының ғимараты зақымданды.

Талдықорған қаласында облыс және қала әкімдіктерінің, облыс әкімінің резиденциясы, полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттері, қалалық бөлімдер мен полиция басқармаларының ғимараттары зақымдалып, басып алынды.

Қызылорда қаласында қалалық полиция басқармасының ғимаратына қарулы шабуылдар жасалып, облыстық және қалалық соттардың ғимараттары басып алынып, өртенді.

«Басқа қалаларда 1 466 ғимарат пен мекеме қирады, оның ішінде 1 395 бизнес нысаны және 71 мемлекеттік мекеме бар. Төтенше жағдай, полиция, жедел жәрдем, басқа да мемлекеттік қызметтердің 345 қызметтік автокөлігі және 116 азаматтық автокөлік жойылып, зардап шекті. Салдарынан 16 медицина, 34 өртке қарсы қызмет және 8 құтқару қызметінің қызметкерлері дене жарақатын алды», - деді Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.

ҰРЛЫҚ БОЙЫНША 460 АДАМ СОТТАЛДЫ

Ұрлық фактісі бойынша 2 645 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген.

Осы қылмыстар үшін 484 адам күдікті деп танылды, 2 адам қамауда, 460 адам сотталды.

Қылмыстық әрекеттен бизнес субъектілеріне 92 миллиард теңге сомасында залал келген.

Қаруды ұрлау және сақтау фактісі бойынша 519 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Осы қылмысқа байланысты 183 тұлға күдікті деп танылды, 11 адам қамауда, 154 адам сотталды, оның ішінде 27 адам бас бостандығынан айырылды.

Аңшылық 10 дүкен тоналды, сол жерден 1 672 мылтық ұрланды. Сондай-ақ 1 288 қызметтік қару ұрланған. Оның үштен бірі (958 дана) табылды, ал екі мыңнан астамы (2 002), оның ішінде гранаталар, автоматтар, мылтықтар, тапаншалар мен граната атқыштары әлі күнге дейін табылмаған.

Қаруды ерікті түрде тапсыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, азаматтар барлығы 119 бірлік тапсырды.

«Қаңтар оқиғасы бойынша жалпы 1 350 адамға қатысты 673 іс сотқа жіберілді, оның ішінде 1 113 азамат сотталды. 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеу сатысында тұр», - деді Елдос Қилымжанов.