Путинге шұғыл операция жасалуы мүмкін – БАҚ

Дастан Жұмабекұлы

Ресей президенті отаға түскелі тұр

фото: ашық дереккөз

Ресейдің 70 жастағы президенті Владимир Путинге өткен аптада үйінде оқыс құлап қалуы себепті шұғыл хирургиялық ота жасалатын болды. Бұл туралы Daily Star хабарлады.

Өзінің Кремльдегі ақпарат берушісіне сүйенген британиялық таблоид өз үйінде абайсызда баспалдақтан қатты құлаған Путинге хирургиялық араласушылық шұғыл түрде керек болып тұрғанын анықтады.

General SVR Telegram-арнасының жазуынша, өткен аптада Путиннің баспалдақтан оқыс құлап қалғанын Кремльдегі жоғары лауазымды шенеуніктер жоққа шығарып, оны «шылғи өтірік» деп атап көрсетуге мәжбүр болған еді. Бірақ кейінірек «тепкішектен құлап қалған кезінде» құйымшағын зақымдап алған президенттің өзін аса жайсыз сезінетініне байланысты ота жасау қажеттілігі растала бастады.

Өз үйінде құлап қалғаннан кейін Владимир Путин мамандардың тексеруінен өтіп, тоқішегі мен тікішегіне операция жасатуы керек, – деп жазды Daily Star.

Оның желтоқсан айында жыл сайын өтіп келген дәстүрлі үлкен баспасөз мәслихатының 10 жылдан бері биыл бірінші рет жоспарға енбей қалуы да осыған байланысты болуы мүмкін.

Бұдан басқа, оның Парламентке дәстүрлі жолдауы да биыл болмайды. Сондай-ақ Кремльдегі жаңажылдық қабылдау да алынып тасталды.

Жақында Бішкекте өткен Еуразия экономикалық одақ форумы кезінде Путиннің әрең жүргенін де жұрттың көбі байқап қалды.