×

Прокурордың ұсынысын елемеген Орал әкімінің орынбасары айыппұл арқалады

Асхат Құлбаевқа 17 153 теңге айыппұл салынған

 Айгерім Таубай 14.12.2022 | 15:05
Коллаж Halyq Uni

Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Құлбаевқа айыппұл салынды. Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысындағы филиалының мамандары хабарлады.

«Әділдік жолы» мемлекеттік органдар мен құқық қорғау саласының әлеуметтік желідегі жазбасын мұқият зерттейді. Кейде бұзушылықтарға қатысы бар адамның аты-жөні және бұзушылық туралы ақпарат жасырын қалатынын білеміз. Орал қаласының прокуратурасы қала әкімі орынбасарына сот арқылы айыппұл салынғаны туралы ақпарат жариялады. Прокурорлар, ол адамның аты-жөні неге көрсетілмеген? Оның кім екені және оған не үшін айыппұл салынғаны не себепті көрсетілмеді? Айыппұл көлемі мен оның төленген-төленбегені де айтылмаған», - деп жазды филиал басшысы Бауыржан Ахметжан.

«Әділдік жолы» РҚБ БҚО бөлімшесінің мәліметінше, 2022 жылдың 16 қарашасында Орал қаласы Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысы бойынша Асхат Құлбаев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 664-бабы («соттың жекеше ұйғарымы, қаулысы, прокурордың, тергеушiнiң немесе анықтаушының ұсынуы бойынша шаралар қолданбау») бойынша кінәлі деп танылды.

«2022 жылдың 3 тамызында Орал қаласының прокуроры Мейірбек Тілеулиев Орал қаласының әкіміне жер қатынастары саласындағы тексеру нәтижелері бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізген. Қала әкімі Миржан Сатқанов мұны орынбасары Асхат Құлбаевқа тапсырған. Алайда әкім орынбасары уақытында (30 күн ішінде) жауап бермеген және шара қабылдамаған», - деп хабарлады Бауыржан Ахметжан.

Сотта Асхат Құлбаев тағылған айыпқа ішінара келісті. Оған 24 504 теңгенің орнына 17 153 теңге айыппұл салынған. Судья Құрмашева оған 30% жеңілдік жасаған.

Айта кетейік, Асхат Құлбаев 2022 жылдың тамызында Орал қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама