«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы қашан іске қосылады?
Қазір президенттің бастамасы пысықталып жатыр
Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске қосу тәсілдерінің пысықталып жатқанын айтты.
Оның айтуынша, 18 жасқа дейінгі барлық балаға жеке жинақтаушы шоттар ашылады. Оларға жыл сайын қаражат түседі. Шот операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» анықталып отыр. Ал бағдарламаның өзі 2024 жылдан бастап жұмыс істейді.
Жинақталған қаражатты кәмелетке толған кезде ғана пайдалануға болады. Келесі жылы жобаны іске қосу үшін қажетті заңнамалық өзгерістер қабылдау жоспарланған,- деді Тимур Жақсылықов.
Бұл бағдаралма туралы мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында айтқан еді. Ол Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтау шоттарына аударуды ұсынған болатын.