Оқиға Талдықорған қаласында болған
Алматы облысы (қазіргі Жетісу облысы) бойынша «ҚазАгроҚаржы» филиалының бұрынғы директорының мәйіті көлік ішінен табылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жетісу облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 13 желтоқсанда Талдықорған қаласындағы «Көктем» шағын ауданында Toyota HILUX PICK-UP автокөлігінің ішінен 47 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Полиция көліктің қайтыс болған адамға тиесілі екенін хабарлады.
Алдын ала болжам бойынша ер адам қару қолданып өз-өзіне қол салған. Аталған дерекке байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, тиісті сараптама тағайындалды. Тергеу барысында істің мән-жайы белгілі болады, - делінген полиция таратқан ақпаратта.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ хабарлауынша, Ержан Устаев компанияда 21 жылдан астам еңбек еткен.
«Ержан Устаев 21 жылдан астам уақытты біздің компаниямыздағы жұмысқа арнады және Жетісу облысының (Алматы облысы) аграрлық секторының дамуына елеулі үлес қосты. Ержанды өз ісіне берілген қайырымды және шынайы адам ретінде білдік. Оның жанұясымен бірге қазаның қайғысына ортақтасып, аза тұтамыз. Иманы саламат болсын», - деп көңіл білдірді «ҚазАгроҚаржы» ұжымы.