Ресейде тағы да әскер жасындағыларды соғысқа шақыру басталды
Қалаларда жас жігіттерді ұстау тың қарқынмен жүріп жатыр
Ресейде жаппай мобилизация уақыты аяқталғаны жария етілгеніне қарамастан, әскер қатарындағы жастарды әскери комиссариатқа шақыру қайта қолға алынды. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
Бұған дейін әскер қатарын 300 мыңнан аса адамның толықтырғаны хабарланған болатын.
Бірақ қазір Ресейдің миллионнан аса тұрғыны бар ірі қалаларында шақырылым жасындағы жастарды «аулау» әрекеттері қайта жүргізіле бастағаны айтылып жатыр.
«Агораның» басшысы Павел Чиков полицейлердің бірінші кезекте Мәскеуде, сол сияқты Волгоград, Владивосток секілді ірі қалаларда әскерге шақырылуы ықтимал жас жігіттерді көшеде, қоғамдық орындарда ұстап алып, әскери комиссариаттарға күштеп апарып жатқандары туралы ақпарат таратты. Құқық қорғаушылар өздерінің бұл әрекеттерін шақырту алған жастар әскери комиссариаттарға бармай жатыр деген желеумен ақтап алғысы келеді.
Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Путиннің алдында есеп беріп тұрғанда 300 мыңдық мобилизация жоспары орындалғанын айтқан еді. «Еріктілердің» есебінен бұл көрсеткіштің тіпті 500 мыңға дейін барып қалғаны да айтылып жүрді. Алайда бұлардың ешбірі жас жігіттер мен ересектерді көшеде жаппай ұстап ала беруге тосқауыл бола қоймады. Мобилизацияның сонымен тоқтайтыны да шындыққа жанаспайтын болып шықты.
Бұдан бұрын мобилизацияның екінші толқыны қыс басталғанда басталып қалуы мүмкін екені де болжанды. Енді сол кез нақты келіп тұр. Ресей қалаларында жас жігіттерді ұстау тағы тың қарқынмен жүріп жатыр.