Бағдат Мусин еліміздегі барлық жолда интернет қашан қолжетімді болатынын айтты

Айгерім Таубай

Қазір жолдардың 25 пайызында ғана интернет бар

Фото: Евгений Епанчинцев

2027 жылға дейін еліміздегі барлық жолда интернет қолжетімді болады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Маңызды іс-шара – бұл республикалық және басты облыстық маңызы бар жолдарды ұялы байланыс пен интернетке қосу. Қазір интернет осы жолдардың 25 пайызында ғана қосылған. Ал ұялы байланыс 86 пайызды құрайды, - деді Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша, 2027 жылға дейін осы жолдар толық интернет және ұялы байланыспен қамтылады.

Айта кетейік, қазір 3 мыңнан астам елдімекенге 3G технологиясы енгізілген, 4G бойынша 1 628 елдімекен қамтылған. Министрдің айтуынша, елдімекендерде 5G мүлде жоқ.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жоспарына сәйкес, 2027 жылға дейін Астана, Алматы және Шымкентте 5G технологиясының үлесі 75 пайызға, ал облыс орталықтарында 60 пайызға жетеді.