Белгород священнигі соғысты айыптап, АҚШ-қа кетті
Қазір ол мұхиттың арғы бетінен отбасы тұратын баспана іздеп жүр
Ресейдің Белгород қаласының священнигі Феодор Шумских Путиннің соғысына қарсы екенін ашық айтып, АҚШ-тан баспана сұрады. Бұл туралы The Moscow News хабарлады
Ресейдің Украинада жүргізіп жатқан басқыншылық соғысына қарсы екенін айтып сөз сөйлеген протоирей Феодор Шумских Құрама Штаттарға қашып барды. Қазір ол мұхиттың арғы бетінен отбасы тұратын баспана іздеп жүр.
Протоирей Шумских әйелі мен 6 баласын өзімен бірге алып кетті. Ол РФ-ның Украинаға ашқан соғысына қарсы екенін ашық білдіргені үшін қызметінен шеттетілген еді. Священник содан кейін Мексиканың шекарасынан өтіп, бірнеше күннен кейін Вашингтонға жетті. Оған осы қаладағы Әулие Николай храмы қауымдастығы көмек қолын созып жатыр, – деп жазды «Америка дауысы» радиосының тілшісі Алексей Горбачев.
49 жастағы протоирей Феодор Украинаның Харьков облысында туған. 90-жылдардың басында Ресей армиясы сапында қызмет еткен. Әскерден кейін Белгород қаласына орныққан.
Протоиерей Шумских Ресейдің Украинаға қарсы соғысын жұрт алдында емес, таныстары ортасында сынға алған. Соған қарамастан, Белгородтағы епархияның өзі сияқты священнигі Николай Дубинин оның бұл әрекетін «бүлік» деп бағалаған. Мұның соңы Феодорды сәуір айында қызметтен шеттетуге алып келген. Бұдан кейін оған шетел асып кетуден басқа амал қалмапты.