Энергетика министрлігі «осылайша қосымша қуаттар іске қосылады» дейді
Қазақстанда Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арасында 220 кВ транзиттің екінші тізбегін салу жөніндегі жоба басталды. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Электр қуаты нарығы шеңберінде министрлік жасасқан 13 инвестициялық келісімді іске асыру жолымен жұмыс істеп тұрған электр станциялары жаңғыртылып, 1600 МВт қосымша қуаттар іске қосылады, – деді Ақшолақов.
Оның айтуынша, 2025 жылға қарай елдің оңтүстік өңірлерінде маневрлік режимі бар, жиынтық қуаты шамамен 1 000 МВт бу-газ қондырғыларын салу жөніндегі жобаларды аяқтау болжанып отыр. Сондай-ақ 2025 жылға дейін 2400 МВт экологиялық таза энергияны іске қосу жоспарланған.
«Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Батыс аймағының электр желілерін күшейту бойынша «KEGOC» АҚ Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арасында 220 кВ транзиттің екінші тізбегін салу жөніндегі жобаны бастады. Сонымен қатар Алматы қаласының кабельдік желілерін қайта жаңартылады», – деп қосты министр.
Ведомство басшысы, аталған шаралар жаңа генерацияны құруға және тозу деңгейін 66%-дан 62,7%-ға дейін төмендетуге, сондай-ақ 21 мыңнан астам жұмыс орнын (1 000 тұрақты/20 000 уақытша) құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.