Жәбірленуші тарап сотталушыны 25 жылға бас бостандығынан айырып, 30 млн теңге көлемінде өтемақы өндіріп алуды сұрады
Маңғыстау облысының соты бес жыл бойы туған қызын зорлаған деп айыпталған ер адамды ақтады. Соған байланысты облыстық соттың баспасөз қызметі істің мән-жайын жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қылмыстық іс Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2022 жылдың 2 желтоқсанында қаралды. Ер адамға қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі (зорлау) және 124-бабының 2-бөлігі (жас балаларды азғындық жолға түсіру) бойынша айып тағылған. Оның 2016-2021 жылдар аралығында қызына азғындық жасағаны айтылды.
Прокурор мен кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілі сотталушыны кінәлі деп тануды және оны 25 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сондай-ақ сотталушыдан моральдық зиян ретінде 30 000 000 теңге өндіріп алуды сұрады.
Сотталушы және оның адвокаттары сотталушыны ақтауды сұрады. Олар ер адамның кінәсіз екенін алға тартты.
«Сот сотталушының кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты ақтау үкімін шығарды. Сот талқылауы барысында сотталушының кінәсі расталмады. Жәбірленушінің заңды өкілінің, кәмелетке толмаған жәбірленушінің, сондай-ақ кәмелетке толмаған куәгердің айғақтары іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, атап айтқанда сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша теріске шығарылды», - делінген сот таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ сот сотқа дейінгі тергеу барысында өрескел бұзушылықтарға жол берген Маңғыстау облысы прокурорының атына жеке қаулы шығарды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін заңгер Қарлығаш Қожағалиева сотталушының бірнеше рет әйеліне хабарласып, кінәсін мойындағанын айтты.
Заңгердің айтуынша, судья Бұлғақбаева ер адамға қатысты заңсыз үкім шығарған.
«Судья Бұлғақбаева бәрін жоққа шығарып, заңсыз үкім шығарып отыр. Бұл шешіміне жемқорлық әсер еткен болуы мүмкін. Тергеу амалы барысында жасалған медициналық сараптама қорытындысында зорлық-зомбылық әрекет болмаған делінген. Сараптаманы заңсыз деп тануын сұрадық. Алайда бұл өтінішімізді қанағаттандырмады. Сараптама бойынша сарапшылар нақты сұрақтарға жауап бере алмады. Сол сараптаманы сот заңды деп санап, сотталушыны ақтау үкімін шығарды», - дейді заңгер.