Еліміздің барлық өңірінде Әйелдерді қолдау орталықтары құрылады
Бүгін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жолдары жайлы айтылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов үкімет отырысында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жолдары жайлы айтты.
Министр мәліметінше, еңбек нарығында 300 мыңға тарта жұмыссыз және NEET санатындағы жастар, 80 мыңнан астам көпбалалы және мүгедіктігі бар бала тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасылар бар. Бұл әрбір мұқтаж топ үшін арнайы тәсілдер құралдар қабылдауды талап етеді.
Сондықтан: біріншіден, ақпараттық жүйелерді сараптау нәтижесінде әлеуметтік қолдауды және жұмыспен қамтуды қажет ететін азаматтарды «Ерте анықтау жүйесі» енгізіледі. Бұл орайда Цифрлық карта арқылы әлеуметтік мәртебесі (статусы) жоқ, қолдауға мұқтаж азаматтардың портреті әзірленіп, олардың нақты қажеттіліктері анықталады; екіншіден, NEET жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», түлектер үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары аясында субсидиялаудың ұзақтығы мен мөлшері ұлғайды; үшіншіден, жастарды жұмысқа баулу және ынталандыру үшін заңнамаға «жас жұмысшы» ұғымын енгізіп, олар үшін сынақ мерзімін алып тастау, басқа өңірден келген жастарға тұрғын үй жалдау үшін көтерме жәрдемақы енгізу бойынша шаралар қолданылады; төртіншіден, көпбалалы отбасылар (76,8 мың) мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (7 мың) үшін қазіргі кезде қызмет ететін үлгідегі Әйелдерді қолдау орталықтарын барлық өңірде құру жоспарлануда. Бұл орталықтарда жыл сайын 20 мыңға жуық әйелдерге кешенді қолдау көрсетіледі, – деді ол.
Шәпкеновтің айтуынша, бұл шаралар әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды нақты қажеттіліктері бойынша анықтауға, жастарды жұмыспен қамтуға, балалы отбасыларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді.