×

«Қаңтарға қатысқан 400-ден астам адам сотталды». Рақымшылыққа кімдер ілігеді

Бас прокуратура амнистияға қанша адам іліккенін хабарлады

 Ая Өміртай 13.12.2022 | 13:23
Фото: vlast.kz

Қаңтарға қатысқан 400-ден астам адам сотты болған, деп хабарлайды Halyq Uni. Редакция жолдаған ресми сауалға жауапа берген Бас прокуратура рақымшылыққа қанша адам іліккенін хабарлады. Белгілі болғандай, заң қолданысқа енгізілгеннен кейінгі бір айда мыңнан аса адамға рақымшылық жасалған.

ЗАҢНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ МЕРЗІМІ АЛТЫ АЙМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

«Заң қолданысқа енгізілгеннен кейінгі бір айда 1000-нан аса адамға рақымшылық жасалды. Олардың 83-і қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатылса, 944-нің жаза мерзімдері қысқартылған. Жаппай тəртіпсіздіктерге (ҚК-нің 272-бабы) қатысқан, оның ішінде ұйымдастырған, қатысқан, жаппай тəртiпсiздiкке шақырған 400-ден астам адам сотты болған», – делінген ресми жауапта.

Сонымен бірге қаңтар оқиғасына қатысқан азаматтарға рақымшылық жасайтын органдар, жазаны орындайтын мекемелер мен органдар заң қолданысқа енгізілген күннен бастап (03.11.2022) алты ай ішінде орындайды.

«Заңның қолданылу мерзімі алты аймен шектелмейді. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін анықталған рақымшылық жасалуы тиіс адамдарға қылмыстық процесті жүргізетін органдар өздеріне қарасты істер бойынша заңды қолдана береді», – делінген прокуратура жауабында.

РАҚЫМШЫЛЫҚ ҚАНДАЙ ТӘРТІПТЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Сот жəне қылмыстық қудалау органдары қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес жəне ауырлығы орташа қылмыстар бойынша істерді тоқтатады, оларды жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен босатады. Ал сотталғандарды жазадан немесе жазасын өтеуден босатады.

Ауыр қылмыстар жасағаны үшін сот тағайындаған негізгі жаза – төрттен үшке, аса ауыр қылмыстар бойынша жартысына қысқартылады. Бұл ретте, егер сотталған адамның заң қолданысқа енгізілген күнге жазасын өтеуіне бір жылдан аз уақыт қалса, негізгі жазасы оның бүкіл өтелмеген мерзіміне қысқартылады.

РАҚЫМШЫЛЫҚ КІМДЕРГЕ ҚОЛДАНЫЛМАЙДЫ

Бас прокуратураның хабарлауынша, рақымшылық террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, азаптаулар, кəмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, мемлекетке опасыздық жасаған, жаппай тəртіпсіздіктер ұйымдастырған адамдарға, жаза қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде тағайындалған адамдарға қолданылмайды.

Айта кетелік, президент Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте халыққа арнаған жолдауында қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдағанын жария еткен болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама