Смайылов көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуді тапсырды
Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзекті мәселе, дейді премьер
Премьер-министр Әлихан Смайылов көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы айтып, бірқатар тапсырма берді.
Ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, оның экспорттық әлеуетін де арттыру – аса маңызды мәселе. Осы тұрғыда көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу керек. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзекті мәселе. Өз кезегінде Үкімет науқандық жұмыстарды қаржылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шешімді қабылдады, – деді Смайылов үкімет отырысында.
Бұған қоса үкімет басшысының мәліметінше:
- Биыл Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға арналған қаражатты 80 млрд теңгеге дейін ұлғайтты.
- Мемлекет 2022 жылы егістік және оны жинау жұмыстарына өткен жылға қарағанда 2 есе көп – барлығы 220 млрд теңгеден астам қаржы бөліп отыр.
- Тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу құнының 50%-ін субсидиялау әрі қарай жалғасады.
- Техникаларды жаңарту үшін инвестициялық, сондай-ақ кредиттер мен лизингтердің пайыздық ставкасын субсидиялау көлемі ұлғаяды.
- Фермерлер алдымен сұранысы жоғары дәнді дақылдардың егістік алқаптарын ұлғайтуы тиіс.
- Өнімді көп беретін және экспортқа шығатын дақылдарды егуге айрықша көңіл бөлу керек.