30 жастағы әйел елімізге 9 жыл бұрын келген
Атырауда есірткілік мас күйде көлік басқарып, психотропты дәрі сақтаған Өзбекстан азаматшасы 6 баласымен ел аумағынан шығарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қол сөмкесінде әртүрлі 34 дана психотроптық дәрі-дәрмек сақтаған 30 жастағы Өзбекстан азаматшасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, іс құжаттары әкімшілік сотқа жолданған. Тексеріс барысында тәртіп сақшылары 30 жастағы шетелдік әйел мен оның 6 баласының құжатсыз жүргенін анықтаған. Әйел Атырау қаласына 2013 жылы келіп, жеке басын анықтайтын құжаттарын жоғалтып алған. Сонымен қатар, 7, 5, 3, 2, 1 және 2022 жылы туған балаларының да құжаты болмаған.
Осылайша, Атырау қалалық ПБ көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері қалалық перзентханадан кәмелетке толмаған 6 балаға туу туралы анықтама алып, көпбалалы ананы Өзбекстан Республикасының Елшілігінен еліне қайтару үшін берілетін куәлікті алып беруге ықпал етіп, тиісті заңды көмек көрсетті. Атырау қаласы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен 30 жастағы әйел 6 баласымен Қазақстан аумағынан тысқары шығарылды.