Маңғыстау облысында көлік түйелерге соғылып, бір адам қаза тапты
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Маңғыстау облысында көлік тасжолға шығып кеткен екі түйеге соғылып, соның кесірінен бір адам қаза тапты.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 10 желтоқсанда Жетібай-Ақтау тасжолында болған.
Сағат 19:00 шамасында Ақтау қаласына қарай бара жатқан Chery Tiggo 8 Luxury көлігінің жүргізушісі екі түйені қағып кеткен. Соның кесірінен 51 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды. Көлікте болған тағы екі адам жақын маңдағы ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді, – делінген хабарламада.
Аталған дерек Қарақиян ауданы бойынша ЕРД ОП-на Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен («Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу») бойынша тіркеуге алынып, қажетті сараптамалар тағайындалды.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.