×

Жамбылда ауыр техниканы арулар тізгіндеп жүр

Бүгінгі кейіпкерлеріміз - тракторшы Әсел және дәнекерлеуші Жазира

 Ұлдана Жұбай 09.03.2022 | 20:03

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы техникаларының тілін меңгерген Әсел Рахаева керек десеңіз тракторды, қажет болса комбайн да айдай береді. Отыз жастағы келіншек «ерлер ғана істейтін жұмыс» деген стеретипті бұзып, аймақ диқандарына демеу болып жүр. Ал, оның ауылдас көршісі Жазира Мәдібаева ауыр соқса да, дәнекерлеу ісіне ден қойып темірден түйін түйеді.

Әсел Рахаева ауылдың жас келіні атанған жылы-ақ елді аузына қаратып, техника жүргізу үшін егіс басына шықты. Тракторға мініп жер жыртып, дән себуге кірісті. Екі баланың анасы ауыр техниканы жүргізуді аз уақытта үйреніп алған. Одан бөлек, Әсел Меркі ауылының жастарын жинап, жер жыртуды үйретіп жүр.

Техниканың тілін меңгерген, әдетте әйел адам жиі араласа бермейтін жұмысты мінсіз атқарып жүрген Әсел аудандағы колледж басшылығының көзіне түсіп, оны комбайн мен трактор жүргізу бойынша студенттерге сабақ беруге көндірген.

«Әке көрген оқ жонар» деген тәмсілдің келесі кейіпкерімізге тікелей қатысы бар. Жазира Мәдібаева 28 жасында әкесінің дәнекерлеу (сварка) ісіне қызығып, оны тез арада меңгеріп алған. Қазір ол да ауылдағыларға темірді жанап жабыстыру, кесу бойынша қызмет көрсетіп жүр.

«Қоғамда әйелдердің мұндай жұмыс түрін таңдауы сирек кездесетіні анық. Бастысы еңбегің адал, еткенің жайлы болса болды», - дейді арулар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама