Halyq Uni логотип
×

Семейде бір-бірін 10 жыл көрмеген ағасы мен қарындасы қауышты

Кезінде ата-анасы қайтыс болғаннан кейін екеуі жетім қалыпты

 Халық үні 12.12.2022 | 22:55
Семейде бір-бірін 10 жыл көрмеген ағасы мен қарындасы қауышты
фото: inform.kz

Семей қаласында түрме қызметкерлері сотталған азаматтың Германиядағы әпкесін тауып, 10 жылдан кейін қайта қауыштырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Облыстық ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 37 жастағы азамат кісі өлтіргені үшін Семейдегі №20 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Ол 16 жылға жуық уақытын түрмеде өткізген. Осы уақытқа дейін өзін болашақта не күтіп тұрғанын тіпті елесткен емес, себебі оның бір де бір туысы қалмаған.

Тек туған қарындасы Наташа ғана бар еді.

«Сотталған жігіт қарындасын ұзақ іздеді. Бірақ еш нәтиже болмады. Өйткені оның телефонын да, мекенжайын да білмейтін. Сол кезде ер адамға түрме қызметкерлері көмектесті. Наташаны тегі мен туған жылы арқылы іздеп тапты. Осылайша, бауыры мен қарындасы 10 жылдан кейін қайта қауышты», - делінген ақпаратта.

Кезінде ата-анасы қайтыс болғаннан кейін екеуі жетім қалыпты. Тек бір-біріне арқа сүйеп ғұмыр кешкен. Тағдыр оларды 2012 жылы ажыратты.

«2006 жылы ер адам алғаш рет түрмеге қамалған. 2012 жылы бостандыққа шығып, бірден Германиядағы бауырына барады. Қарындасының қасында бірнеше күн ғана болып, кетіп қалды. Небәрі 7 ай бостандықта болған ол қайтадан қылмыс жасап, темір торға қамалған. Осылайша, бауырлар бір-бірін 10 жыл бойы таппай келген», - делінген хабарламада.

Осы жылдар бойы Наташа бауырын қайта көретініне сеніп келіпті. Оның тірі екенін естігенде, еш ойланбастан Семейге келді.

Бір-бірін көргенде екеуі де көз жасына ерік берді. Енді әпкесі бауыры бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауға көмектесіп, барынша қолдау көрсетуді ойлап отыр.

«Біздің бір-бірімізден басқа ешкіміміз жоқ. Сол үшін әрдайым бірге болуымыз керек», - дейді әйел.

Наташа әлі де Германияда тұрады. Күйеуі, екі баласы бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама