5/50 бағдарламасына қатысқандар қайта жұмысқа алуды сұрап отыр - «ҚазМұнайГаз»
Бағдарламаға 4 мыңға жуық адам қатысқан, оларға 43,8 млрд теңге өтемақы берілген
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 5/50 бағдарламасына қатысқан мұнай-сервистік ұйымдарының бұрынғы жұмыскерлерінің үндеуіне жауап берді.
2017 жылдың сәуір айында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Oil Services Company» ЖШС, «Oil Construction Company» ЖШС, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС, «Мұнайтелеком» ЖШС және «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС мұнай-сервистік кәсіпорындарында «Тараптардың келісімі бойынша қызметкерлермен еңбек шартын мерзімінен бұзу туралы ережені» («5/50» бағдарламасы) бекіткен.
Бұл бағдарлама аясында мұнай-сервистік мекемелердің жұмыскерлеріне 5 жылдағы лауазымдық еңбекақысының 50% мөлшерінде қомақты өтемақы төлей отырып, тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу қарастырылған.
Алайда, 9 наурызда бұрынғы жұмыскерлердің бір тобы оларға 5 жылға төленген ақша қаражаттың таусылғанын айтып, Маңғыстау облысының әкімдігіне оларды ҚМГ-ның мұнай сервистік мекемелеріне қайта жұмысқа алуды талап етіп келген.
ҚМГ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыскерлер 5/50 бағдарламасына ерікті түрде қатысқан.
«Мысалы, Еңбек шартын бұзу туралы келісімнің 1-тармағында «тараптар тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу туралы екіжақты ерікті келісімге келді» делінген. Сонымен қатар, ұсыныстан бас тартқан жұмыскерлер осы уақытқа дейін ҚМГ-ның мұнай-сервистік мекемелерінде жұмысын жалғастырып жатқандығы бұның тағы бір дәлелі.
Келісім талаптарына сәйкес жұмыскерлерді ҚМГ-ның мұнай-сервистік компанияларының штатына қайта қабылдау қарастырылмады. Осылайша, компания 5 жыл өткеннен кейін жұмыстан шыққан жұмыскерлерді қайта жұмысқа қабылдау туралы ешқандай міндеттеме алған жоқ», - деп хабарлайды.
Жиналғандармен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев кездесті. Олар қатысушылардың талабының заңсыз екендігін түсіндіріп, мәселені сотқа жүгіну арқылы заң аясында шешуге ұсыныс берді.
ҚМГ дерегі бойынша, 5/50 бағдарламасына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнай-сервистік мекемелерінен барлығы 3968 адам қатысты, оларға 43 млрд 881 млн теңге жалпы сомаға өтемақы төленген.