×

Тоқаев бастықтардың «сүйікті» адамдарымен қоштасуына тура келетінін айтты

2023 жылы ауқымды кадрлық өзгеріс болады

 Айгерім Таубай 12.12.2022 | 12:40
Фото: Akorda.kz

Жаңа әкімшілік реформаның басты мақсаты – атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру. Бұл туралы үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Мен жаңа әкімшілік реформа жүргізуді тапсырдым. Басты мақсат – атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру. Қолданыстағы заңдар мемлекеттік органдарға толық дербестік беріп отырған жоқ. Мысалы, өз саласында нормативтік құқықтық актілер қабылдау үшін олардың құзыреті заң жүзінде бекітілуі керек. Тапсырмалар уақтылы орындалмайды. Шешім дер кезінде қабылданбайды. Сол себепті, өзектілігін тез жоғалтады», - деді президент.

Сондай-ақ әділетті әрі дамыған мемлекет құру үшін жаңа кадр саясатын жүргізу керек екеніне тоқталды.

«Алдағы өзгерістер, ең алдымен, адам капиталына қатысты болады. Жаңа кадр саясаты меритократия және кәсібилік қағидаттарына негізделеді. Біз бірінші басшыларды осы қағидаттар бойынша тағайындаймыз. Сонымен бірге олардың орынбасарлары қаншалықты білікті екенін саралау қажет. Өйткені тұтас салалардың және аймақтардың дамуы көбіне орынбасарлардың жұмысына байланысты болады. Вице-министр және әкім орынбасары лауазымдарына нағыз кәсіби мамандар тағайындалуға тиіс», - деді Тоқаев.

Президент басшы орынбасары қызметіне жұртпен тілдесе алатын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар келуі керек екенін айтты.

Яғни, шешім қабылдай алатын және жауапкершіліктен қорықпайтын азаматтар қажет. Олардың әділ, еңбекқор және отаншыл болуы аса маңызды, - деді мемлекет басшысы.

2023 жылы орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс болады.

«Бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет. Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс. Министрліктердің өзінде «керек адамын» тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды», - деді ол.

Айтуынша, дарынды жастар мемлекеттік қызметке келуге құлықсыз. Аймақтарда тек сол өңірдің азаматтары жұмыс істеуі керек деген қасаң түсініктен арылу керек. Адамның білікті болуы оның туған жеріне байланысты емес. Жұмыстың нақты нәтижесімен ғана бағаланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама